Құқық қорғау органдары

Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!

Петропавлдағы сауда үйлерінің бірінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған әлеуметтік акция өтті. Оның мақсаты – аталмыш жайттардың алдын алып, тұрғындарға құқықтық көмекті қайдан және қалай алу керек екендігін түсіндіру. Іс-шараның өтуіне ұйытқы болып отырған – қалалық жастар ресурстық орталығы.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

— Бұл – айлық акция. Оның барысында түрлі іс-шаралар ұйымдастырдық. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Мысалы, 3 маусым күні Қазақстан Конституциясы көшесінде шамамен 200 адамды қамтитын ауқымды іс-шара өтеді. Ал бүгін біз тұрғындарға ақпараттық буклеттер тараттық. Онда көмекке жүгінуге болатын байланыс нөмірлері мен қажетті ақпарат көрсетілген. Сонымен қатар, тұрғындардың назарын осы мәселеге аудару үшін көліктерге арнайы жапсырмалар жапсырамыз.

Акция барысында тәртіп сақшылары да тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Полиция қызметкерлерінің сөзінше, осы сынды іс-шаралар аталмыш қылмыс түрінің төмендеуіне септігін тигізуде. Жалпы, биыл өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 600 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек 14 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған.

ӘСЕМ ІЛИЯСОВА, қалалық ПБ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің бастығы:

— Акция аясында қалалық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп бірқатар іс-шара ұйымдастырдық. Жалпы, бұл жұмыстар өз жемісін беріп келеді. Мысалы, өткен жылы 16 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, биыл бұл көрсеткіш төмендеген. Бұл – аталмыш қылмыстың азайып келе жатқанының айқын дәлелі. Алдағы уақытта басқа да зорлық-зомбылық түрлерінің алдын алуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.

Мамандардың сөзінше, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда азаматтар құқық қорғау органдарына немесе арнайы сенім телефонына хабарласуы тиіс.