Петропавлда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Green City Day» интеллектуалды ойыны өтті. Игі бастамаға қала тұрғындары мен ерікті жастар белсене қатысты. Бұл жолғы шараның форматы басқаша. Ұйымдастырушылар тұрғындарға қоршаған ортаны қорғаудың маңызын ойын және логикалық тапсырмалар арқылы түсіндіруді жөн көрген.
АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпарат орталығының бөлім басшысы:
— «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан бұл шара халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған. Біздің мақсатымыз – тұрғындарды табиғатты қорғауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шабыттандыру. Бүгін қатысушылар арнайы станциялардан өтіп, қоқысты дұрыс сұрыптау мен қалдықтарды қайта өңдеу жолдарын үйренеді.
“Поле чудес” түріндегі интеллектуалды ойын аясында арнайы 3 танымдық бекет жұмыс істеді. Онда қатысушылар теориялық білімдерін тәжірибеде қолданып, өзара бақ сынасты. Көпшіліктің арасында қала қонақтары да болды. Балжан Смағұлова Петропавлға Алматыдан келіпті.
БАЛЖАН СМАҒҰЛОВА, қатысушы:
— Бұл акция бізге өте ұнады. Балаларымыз белсенді қатысып, ойын ойнап, сыйлықтар ұтып алып келді. Осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса, жастарға, мектеп оқушыларына үлкен үлгі болады. Біз табиғатты қорғап, экологияны сақтауымыз керек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұқараның экологиялық сауаттылығын арттыратын мұндай шаралар аймақта алдағы уақытта да жалғасын табады.
Жангельді Жамалиев