Мәдениет

Талай жастың арманына қанат бітірген өнер ордасы))

Жансая Мұраттың Қызылжар ауданындағы “Мерей” өнер мектебінде тәлім алып жүргеніне 6 жылдан асты. Дарынды жеткіншек фортепианоның құлағында ойнайды. 60-қа жуық туындыны орындай алады. Бұрымды аудандық және облыстық байқауларда талай мәрте топ жарған.

ЖАНСАЯ МҰРАТ, “Мерей” өнер мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

— Жуырда Астанада өткен бәсі биік республикалық байқауда өнер көрсеттім. Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар жиналды. Облыстың намысын мен ғана қорғадым. Өкінішке қарай, жүлдеге сынық сүйем ғана жетпей қалды. Бірақ, шарадан баға жетпес тәжірибе жинақтағаныма қуаныштымын.

Жансаяны сегіз қырлы, бір сырлы деп айтсақ қателеспейміз. Ол өнермен бірге спортты да қатар алып жүр. Волейболды жаны сүйеді. Дарынды жастың ұстазы Лариса Агаджанянның “Мерей” өнер мектебінде еңбек етіп жүргеніне ширек ғасырдан асқан. Қазіргі таңда шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етеді. Шетел асып кеткендері де бар.

ЛАРИСА АГАДЖАНЯН, “Мерей” өнер мектебі аспаптық бөлімінің оқытушысы, Қызылжар ауданы:

— Қазіргі таңда 11 оқушымен жұмыс істеймін. Барлығы шеттерінен талантты. Ең бастысы, өнерге деген қызығушылықтары жоғары. Фортепианоны екінің бірі ойнай алмайды. Ол үшін нота танып, әуенді жүрегіңмен сезініп ойнау қажет. Жансая маған 5 жасында келді. Шәкіртім өте ұқыпты, жауапкершілігі мол. Болашақта талай асуды бағындырады деп сенемін.

Өнер мектебінің хореография бөлімінде 160-тан астам бала тәлім алады. Әрқайсысының жауапкершілігі мол, би десе ішер асын жерге қояды. Шығармашыл ұжым жыл басынан республикалық және облыстық байқауда топ жарған. Дарынды қыздарды Ирина Терехова баптайды. Айта кету керек, ол – аталған білім ұясының түлегі.

ИРИНА ТЕРЕХОВА, “Мерей” өнер мектебі хореография бөлімінің оқытушысы, Қызылжар ауданы:

—  Биші қыздарымыз тек байқаулармен ғана шектеліп қалмайды. Облыс орталығы мен ауданда өтетін түрлі концерттерде өнер көрсетеді. Біз заманауи билерге ерекше мән береміз. Сонымен қатар, ұлттық өнер де ұмыт қалмайды. Алдағы уақытта халықаралық байқауларға қатысамыз деген ойымыз бар.

“Мерей” өнер мектебі – талай жастың арманына қанат бітіріп, бағын ашқан құтты мекен. Бұл игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасып тауып, білім ұясынан әлемдік жұлдыз шығатынына сенім мол.

 

Нұрасыл Ахмет