Жайдарлы жаз – балалар үшін қызықты әрі қауіп-қатерге толы маусым. Бұған көз жеткізіп жүрміз. Ойынның қызығына әбден берілген ұл-қыздар далада ауырсынуға әкелетін өнімдерді жеп қоюы мүмкін. Көбі гигиенаға да мән бермейді. Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында айтылды.
ЕЛЕНА КОПТЯЕВА, СҚО көпбейінді балалар ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі:
— Термиялық өңдеусіз, салқын күйінде тұтынылатын тағамдар ерекше қауіп төндіреді. Себебі, мұндай тағамдарда микробтар жақсы сақталып, көбейеді. Әсіресе крем қосылған кондитерлік өнімдер, салаттар, сүт, сары май және басқа да тағамдар қауіпті. Инфекция таралуының маңызды факторларының бірі – су. Ашық айдындардың суын ішуге, ыдыс-аяқ, қол, көкөніс пен жемісті жууға пайдалану қауіпті. Су арқылы тырысқақ, іш сүзегі, дизентерия, сальмонеллез, вирусты А гепатиті сияқты аурулар таралады.
Жазда ұл-қыздар далада, үйдің ауласында жиі жарақат алады. Терезеден құлау жайты да тіркелетінін білеміз. Мәселен, биыл 2-3 қабаттан 4 бала құлаған. Қуанышымызға орай, барлығына дер кезінде ем-дом көрсетіліп, ауруханадан шығарылыпты.
ШЫҢҒЫС НҰРҒАЛИЕВ, СҚО көпбейінді балалар ауруханасының ортопед-травматологы:
— Әдетте мұндай оқиға бала қараусыз қалған санаулы минут ішінде болады. Көптеген ата-ана москит торын сенімді қорғаныс деп қателесіп жатады. Алайда, ол баланың салмағын көтере алмайды. Сондықтан терезелерге арнайы бекіткіштер мен шектеуіштер орнату керек. Терезенің маңына жиһаз қоймаған маңызды. Суға кетудің алдын алу мәселесіне де ерекше назар аудару керек. Ересектер осы қатерді үнемі назарда ұстаса екен дейміз.
Брифинг барысында ортопед-травматолог дәрігер сандармен бөлісті. Былтыр мен ағымдағы жылды салыстырсақ, биыл жарақат алған балалардың саны кем. Дегенмен, ауруханаға жатқызылған науқастардың саны айтарлықтай басым.
ШЫҢҒЫС НҰРҒАЛИЕВ, СҚО көпбейінді балалар ауруханасының ортопед-травматологы:
— Үстіміздегі жылдың 3 айы ішінде аурухананың жарақат зардабын жою пунктіне 2790 бала жүгінді. Соның 324-і жатқызылып, тиісті ем-дом жүргізілді, кейбіріне шұғыл операция жасалды. Ал былтыр мамандарымыз 2857 ұл-қызды қабылдады. Жарақаттанушылардың 255-і емдеу мекемесінде жатып, ем алды. Осы сандарды алға тарта отыра, биыл ауыр жарақаттанған науқастардың саны өскенін көреміз.
Дәрігерлер қауіпті кезең енді ғана басталғанын айтады. Алда 3 айлық демалыс тұр. Спикерлердің пікірінше, ата-аналар мұқият әрі балаларға қауіп түрлерін үнемі айтып отыру қажет.
Байболат Құлтанов