“AMANAT” партиясының облыстық филиалында ПИК және МИБ төрағаларына арналған оқыту кездесуі өтті. Шара “Тұрғындар аманаты” жобасы аясында ұйымдастырылды. Жиынға әділет департаменті, тұрғын үй инспекциясы және жылуға жауапты компаниялардың өкілдері арнайы шақыртылған. Білікті мамандар қатысушыларға үйді басқару, тарифті қалыптастыру және тұрғындармен қарым-қатынас жасау мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
АЛЕКСАНДР ЗЕЛЬ, “AMANAT” партиясы “Болашақ” филиалының атқарушы хатшысы:
— Шара аясында төрағалар мамандарға сұрақтарын қоя алады. Баспаналардағы мәселелерді шешу жолдарын бірге талқылаймыз. Басты мақсатымыз – ПИК пен халық арасындағы қарым-қатынасты оң жолға қою. Тұрғындар арасында ауызбіршілік болғанда ғана түйткілдер шешіміз табады. Сонымен қатар, жиынға қатысушыларға тұрғын үй саласына қатысты заңдарды үйретеміз.
Петропавлда 1200-ден астам көппәтерлі баспана бар. 200-ге жуық пәтер иелері кооперативі жұмыс істейді. Шарада тұрғын үйлерді басқару процестерінің ашықтығын арттыру, қаржылық есептілікті цифрландыру жайлы сөз болды. Сонымен қатар, тұрғындардан жиналған ақшаның тиісті жерге жетуі турасында да әңгіме өрбіді. Маңызды жиында тағы бір түйткілдің беті ашылды.
СЕРГЕЙ ХУДЯКОВ, қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы:
— Елімізде тұрғын үй саласына қатысты заң жиі өзгереді. 16 шілдеге дейін пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары әділет департаментіне барып қайта тіркеуден өту қажет. Ол үшін нысан бойынша өтінішті, тұрғындар арасында өткен жиналыстың хаттамасын әкелуі тиіс. Сонымен қатар, тіркеу алымының төленгені туралы түбіртек те қажет. Бұл шара бармақ басты, көз қыстылық әрекеттерді жоюға септеседі. Өкінішке қарай, Петропавлда қайта тіркеуден өткен пәтер иелері кооперативтері өте аз.
Қатысушылар шарадан мол ақпар алды. Енді өздері басқаратын баспаналарға барып, ондағы тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуі тиіс.
Нұрасыл Ахмет