Мәдениет

“Көк тудың желбірегені”: Белгілі ақын Алмас Ахметбекұлы облыс жұртшылығымен кездесті

Петропавлда елге белгілі ақын Алмас Ахметбекұлының облыс жұртшылығымен кездесуі өтті. Тағылымы мол жиынға “Кітап ұстаған кісі” тақырыбы арқау болды. Аты айтып тұрғандай, шарада шалқар шабыт иесінің өмірбаяны мен оқулықтардың адамға пайдасы жайлы сөз болды. Алмас Ахметбекұлы Қытай Халық Республикасы Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Азамат ес білген сәттен бастап тарихи Отанына оралуды армандапты. Сол себепті, бірнеше рет туған жерге арнап қалам тербеген.

1993 жылы ақынның арманы орындалады. Ақпанда ол қажетті құжаттарды жинап елге оралды. Қорғас шекарасына жеткенде үйдің төбесінен шағын ғана Туды көреді. Шалқар шабыт иесі сол сәтте алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, – дейді. Айта кету керек, қазақтың ұранына айналған “Көк Тудың желбірегені” өлеңін Алмас Ахметбекұлы жазған.

АЛМАС АХМЕТБЕКҰЛЫ, ақын, “Құрмет” орденінің иегері:

— Көк Туымыздың желбірегінің алғаш көрген ерекше сезімде болдым. Құдды бір маған сөйлеп тұрғандай болды. Сол сәтте көк Туымызға арнап бір шумақ өлең шығардым.

Кейін ақын Алматыға жеткен кезде туындыны одан әрі байытады. Осылайша әр қазақтың рухын көтеретін “Көк Тудың желбірегені” өлеңі пайда болады. Шара барысында мемлекеттік рәміздердің ел тарихындағы орны мен маңызы, қадір-қасиеті мазмұнды әңгіме өрбіді. Тағылымы мол жиында қатысушылар келген мейманға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Рухани және ұлттық құндылықтарымыз жайлы мол ақпар алды.

ДИАС ІЗБАСАР, М. Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

— Егер әлемдік державалармен тереземіз тең болсын десек, кітапқа көп оқуымыз қажет”. Алмас Ахметбекұлының бұл сөзі маған қатты ұнады. Кітапты көп оқу арқылы адамды тани аламыз. Болашаққа жоспар құрамыз.

Айта кету керек, белгілі ақын облысқа алғаш рет аяқ басқан. Алдағы уақытта Қызылжарға өлең арнауды жоспарлап отыр.

Нұрасыл Ахмет