Экология

Арал теңізінің тартылуы – ортақ мәселе

Қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері “Таза Қазақстан” акциясы аясында Ескендір Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінде іс-шара ұйымдастырды. Оның барысында Арал теңізінің тартылуы мәселесі сөз болды. Бұл – әлемнің назарын аударған проблема.
Жиынға қатысқан студенттерге экологиялық апаттың салдары әрі онымен күресу жолдары баяндалды.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы:

— Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында қоршаған ортаға деген мәдениетті қалыптастыру. Егер жас буын табиғатқа ерекше құрметпен қарайтын болса, елімізде экологиялық апаттар азаяды. Сол себепті, осы сынды іс-шараларды жиі ұйымдастыру керек. Бұл еліміздің әсем келбеті мен тазалығын сақтауға септігін тигізеді.

Іс-шараға Қозыбаев университетінің студенттері де қатысуда. Олардың қатарында география және экология факультетінің 3-курс студенті Әділ Жұмабеков бар. Ол бүгінгі кездесуге арнайы презентация әзірлеген. Айтуынша, Арал теңізінің тартылуы сынды экологиялық апаттар елімізге ғана емес, әлемге де зиян келтіреді.

ӘДІЛ ЖҰМАБЕКОВ, студент:

— Бұл өте маңызды іс-шара деп санаймын. Бұл – Қазақстанда ғана емес, әлемде қолға алынуы тиіс мәселе. Арал теңізінің тартылуынан түрлі тұзды шөлдер қалыптасып, тұзды дауылдар соғуы мүмкін. Бұл экономикаға үлкен кесірін тигізеді.

Ал Виолетта Панчайкина – Ескендір Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінің 1-курс студенті. Оны Арал теңізінің тартылуы мәселесі бұрыннан алаңдатады.

ВИОЛЕТТА ПАНЧАЙКИНА, студент:

— Кезінде Арал теңізі Қазақстанның ең ірі ішкі су айдындарының бірі болған. Қазіргі күні ол тартылып, бірнеше есе кішірейді. Бүгінгі іс-шарадан түйгенім мол. Әсіресе, мұндай жайт экологиялық апаттарға әкелетінін ұқтым. Табиғатты аялап, қоқысты шашпай, суды үнемдеу қажет.

Айта кетейік, Арал теңізінің тартылуы 1960 жылдары басталды. Қуанышымызға орай, қазір экожүйені қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгіндегі жетістік – теңіздің солтүстік бөлігінде судың артуы.

Ұлан Ыдырыс