Спорт

Үздік шаршы алаң шеберлері анықталды

Петропавлда жасөспірімдер арасында өткен бокс турнирі аяқталды. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған 3 күндік жарыс теріскейлік 140 баланың басын қосты. Шаршы алаңда шаршаса да бір-біріне жұдырық сермеген жастар – болашақ чемпиондар. Олар рингте – қарсылас, ал өмірде – достар. Оны ұл-қыздардың кездесуге дейінгі және кейінгі іс-қимылдарынан аңғаруға болады. Бокс турнирін үлкен де, кіші де тамашалады. Жанкүйерлер арасында ата-әжелеріміз де болды. Олар “құлыным” деп еркелететін немелерін қолдау үшін күннің ыстығына қарамай келіпті. Бокстың алғашқы баспалдақтарын аттаған балалар жанкүйерлердің қолдауына және марапатқа ие болды. Мұндай тәжірибе жарқын жеңістерге жол ашары айдан анық.

КӘУСАР МҰХАМБЕТӘЛІ, жарыс жеңімпазы:

— 7 жастан бокпен айналысамын. Алғашқы жарысым 9 жаста болды. Қостанайда чемпион атандым.

Айта кету қажет, мерекелік турнир облыстық бокс федерациясының және “Шин line» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды.

Байболат Құлтанов