Қоғам

Шебер әрі озық ойлы оқушылар: Петропавлда ұшу аппараттарының байқауы өтті

Петропавлдағы №28 жалпы білім беретін мектепте шебер әрі озық ойлы оқушылар жиылды. Олар Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған “Бір аспан – бір әлем” атты ұшу аппараттарының байқауында бақ сынады. Сайыстағы батпырауық, планер мен радио арқылы басқарылатын құрылғыларды жастар ұстаздарымен жасаған.

АМАНГЕЛДІ ҚАБДУЛБАРИЕВ, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімі:

— Дәстүрлі жарысты Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткіземіз. Байқау балалардың техникалық жағынан дамуы, өсуі, конструкциялық зерттеуге, өздерінің жобаларын жасауға, сондай нәтижелерге жетуіне байланысты өткізіледі. Қатысушылар – 10-15 жас аралығындағы балалар.

Үздік жұмыстары белгілі бір талап бойынша анықталды. Қазылар туындылардың дизайнына, қалай жасалғандығына, ұшуына, балалардың шеберліктеріне назар аударып, баға берді. Ерен Хасан – байқау жеңімпазы. Ол аспан әлеміне, ұшу құралдарына бала күннен құмар. Планерін пенопласттан жасапты.

ЕРЕН ХАСАН, қатысушы:

— Қуанышты әсерде болдым. Планер істеп, 1-ші орын алдым. Қуандым. Содан кейін барлық туысқандарыма хабарлап айттым.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатқа ие болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқау – аспан әлеміне жасалған кішкентай қадам. Осындай қадамдар болашақта инженер, ұшқыш, тіпті ғарышкер болуға жол ашады.