Сенбі күні Петропавлда бокстан жасөспірімдер арасында ашық облыс чемпионаты басталды. Жарысқа өңірдің түкпір-түкпірінен келген 140 бала қатысуда. Олар 10-нан астам салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Айта кету керек, сайыс Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылды.
ЕСЕНКЕЛДІ КӨКБАС, СҚО бокс федерациясының атқарушы директоры:
— Жарыс “Шин line» компаниясы және СҚО бокс федерациясының қолдауымен ұйымдастырылуда. Басты мақсатымыз – өңірде аталған спорт түрін дамыту, жігерлі жастарды қолдау.
Жарысқа барлығы тыңғылықты дайындалып келген. Оны дөп соққылар мен әдемі комбинациялардан көруге болады.
Шаршы алаңда Мәди Еділжан мен Егор Чижов қолғап түйістіруде. Екеуі де – петропавлдық өрендер. Бірнеше жыл бойы бір залда дайындалып жүр. Яғни, бір-бірінің қыр-сырын жақсы біледі. Тартысты кездесуде соңғы аталған спортшының мерейі үстем болды.
ЕГОР ЧИЖОВ, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:
— Бокспен айналысып жүргеніме 4 жылдан асты. Кездесу тартысты өтті. Ең басты қарсыласымды жеңдім десем де болады. Басты мақсатым – жарыста чемпион атану. Болашақта Мұхаммед Әли секілді әлемді бағындырғым келеді.
Шара бүгін өз мәресіне жетеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталады.
Нұрасыл Ахмет