СҚО әкімдігіБалаларБілім

Облыс әкімі халықаралық және республикалық байқауларда топ жарған оқушыларды марапаттады

Петропавлда халықаралық және республикалық байқауларда өңір намысын абыроймен қорғап, атой салған оқушылар марапатталды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Жиын шымылдығын ашқан өңір жетекшісі білім саласындағы оң өзгерістерге тоқталып, дарынды ұл-қыздарға алғысын білдірді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Өңірімізде балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда. Жыл сайын заманауи мектептер мен балабақшалар ашылып жатыр. Біз сіздерді мақтан тұтамыз!

Шарада барлығы 8-11 сыныпта білім алатын 33 оқушы құрметке бөленді. Оларға облыс әкімінің атынан ақшалай сыйлықтар табысталды.

БАҚЫТ ҒАБДУЛЛИНА, “Қызылжар дарыны” дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау мен қолдау орталығының директоры:

—Халықаралық және республикалық додаларда 1-ші орын алғандарға – 100 мың, 2-ші орынға – 75, 3-ші орынға 50 мың теңге табысталады. Марапатталған 33 оқушының 13-і ауылдық жерлерде тәлім алады.

Айтулы жиында балаларға ізгі тілектер айтылды, білім саласының бүгіні мен ертеңі жайлы да сөз болды. Айта кету керек, өткен апта республикалық олимпиадаларда топ жарған 13 ұл-қызға Қозыбаев университеті атынан грант табысталды. Зор мүмкіндікке ие болғандардың арасында Нұрай Бәкеева да бар. Ол 5 жыл қатарынан “География” пәні бойынша республикалық олимпиадаларға қатысқан. Бастапқы жылдары жүлдеге ілікпей жүрді. Кейін тұғырдан көріне бастады. Биыл дарынды жас қайтпас қайсар мінезінің арқасында бәсі биік сайыста топ жарды.

НҰРАЙ БӘКЕЕВА, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған лицей-интернатының түлегі:

—  “Туризм” мамандығына оқуға түсуді жоспарлап отырмын. Былтыр біздің мектепті бітірген түлектерге де Қозыбаев университетінен грант берілді.  Географияны зерттеп, бүкіл әлемді танығым келеді.

Шара соңында облыс әкімі білім саласының дамуына септігін тигізіп жүрген түрлі жобалармен танысып, жоғары бағасын берді.

Нұрасыл Ахмет