Қызылжар ауданындағы “Мерей” өнер мектебінде түлектермен қоштасу рәсімі өтті. Биыл білім ұясын 24 оқушы тәмәмдады. Олар бірнеше жыл бойы білікті мамандардан тәліп алды. Шығармашылық қабілеттерін одан әрі дамытты. Дәлірек айтсақ, ән айтып, би билеуді, сонымен қатар, сурет салуды үйренді.
ӘЛИЯ СЕҢКІБАЕВА, “Мерей” өнер мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:
— Қазіргі таңда мектепте 400-ден астам бала тәлім алады. Көбі хореография бөлімінде оқиды. Ұлттық құндылықтарға да ерекше көңіл бөлеміз.
Шара аясында ауқымды концерт ұйымдастырылды. Әуезді ән айтылды, би биленді. Ұлттық аспаптың құлағында ойнайтын талантты жастар да өнер көрсетті. “Мерей” өнер мектебінің ұл-қыздары шеттерінен талантты. Оны Е.Серкебаев атындағы өнер колледжінің оқытушысы Назгүл Маштақова растап отыр. Айта кету керек, білім ұялары өзара меморандум жасасқан. Оның аясында мектеп оқушылары талай танымал өнерпазды түлеп ұшырған оқу орнында білім ала алады.
НАЗГҮЛ МАШТАҚОВА, Е. Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің оқытушысы:
— Өнер мектебімен “Komek times” бағдарламасы аясында меморандум жасастық. Білім ұясына алғысым шексіз. Балалары шеттерінен талантты. Бүгін де түлектерді өзімізге шақыруға келдім.
Міне, көптен күткен сәт те келіп жетті. Дарынды ұл-қыздарға өнер саласындағы алғашқы куәліктері табысталды. Алдағы уақытта бұл құжат балаларға зор пайдасын тигізеді. Ұл-қыздар аталған куәлікпен еліміздегі кез келген өнерге баулитын білім ордасына бара алады. Дәлірек айтсақ, конкурсқа қатысқан кезде өзіндік артықшылығы бар. Мектепті тәмамдап жатқандардың арасында Мөлдір Жұмабай да бар. Жеткіншек аталған оқу орнына келіп, қазақтың қара домбырасының қыр-сырын үйреніпті. Арманы – әлемдік сахнада өнер көрсету.
МӨЛДІР ЖҰМАБАЙ, “Мерей” өнер мектебінің түлегі, Қызылжар ауданы:
— Домбыраны таңдауымның өзіндік себебі бар. Менің ата-анам ұлттық аспаптың құлағында ойнайды. Маған тәлім берген ұстаздарыма алғысым шексіз. 5 жылдың ішінде 10-нан астам күй тартуды үйрендім.
Айта кету керек, “Мерей” өнер мектебі 2004 жылы ашылды. Осы уақыт ішінде білім ұясын 300-ден астам шығармашыл жас тәмамдады.