Қоғам

Қажеті жоқ құжатты іздеген петропавлдықтың құқығы қорғалды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті қызметінің негізгі бағыттарының бірі – тұрғындардың құқықтарын қорғау, заңбұзушылықтардың орын алуына жол бермеу. Жуырда департамент мамандарына қала тұрғыны жүгінген. Оқиға желісіне тоқталсақ, азамат үйінің маңына монша мен қора салғысы келіпті. Жұмысты бастау үшін қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінен “Сәулет-жоспарлау” рұқсат қағазын алуы керек болған. Бірақ, аталған бөлім қызметкерлері құжатты беруден бас тартыпты. Департамент өкілдері аталған факті бойынша бірден тексеру жұмыстарын жүргізді.

БОЛАТ ЕҢСЕГЕНОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы:

— Бөлім тұрғыннан құрылысты бастау үшін жоспарлау жобасы қажет екені айтылған. Бірақ, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекіткен талап бойынша аталған құжат қажет емес екен.

Тексеріс жұмыстары бойынша құқықбұзушылықтар толығымен жойылды. Тұрғынға құрылысты бастауға рұқсат берілді. Заңсыз әрекет еткен лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Болат Еңсегенов тұрғындардан осы сияқты олқылыққа тап болған жағдайда бірден департаментке жүгіну қажеттігін айтты.

БОЛАТ ЕҢСЕГЕНОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы:

— Егер сізде мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына қатысты сұрақтарыңыз болса, бізге “е-Өтініш” және “EgovKzBOT2.0” платформалары арқылы жүгіне аласыздар. Сонымен қатар, тікелей департаментке келулеріңізге болады. Біздің мекенжайымыз: Қазақстан Конституциясы көшесі, 48.

Биыл департаментке мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша 46 адам шағым түсірген. Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында мамандар 30-ға жуық тексеру жұмыстарын жүргізіпті. Екі факті бойынша бұзушылық анықталған.

Нұрасыл Ахмет