Аптадағы маңызды жаңалықтарБалалар

Басты алаңдағы мереке

Басты алаң, асыр салып ойнаған ұл-қыздар мен мерекелік концерт. Халықаралық балаларды қорғау күнінде қала орталығы нағыз ертегі әлеміне айналды. 1-маусымды асыға күткен жеткіншектер мен ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Бүлдіршіндердің шаттығын бөлісуге өңір басшысы да арнайы келіп, мерекелік іс-шараны бірге тамашалады. Жаздың алғашқы күні алаңға жиналған әрбір тұрғын ерекше көтеріңкі көңіл-күймен ең ізгі тілектерін арнауда.

— Барша баланы мерекемен құттықтаймын! Осындай шуақты күні әр балаға зор денсаулық, бақыт пен қуаныш тілеймін. Балалардың күлкісі әрдайым естіліп, армандары орындала берсін!

— Бірінші маусым балаларды қорғау күні құтты болсын. Бүгінгі өтіп жатқан мереке жоғары деңгейде өтуде. Барша баланы осы мерекемен құттықтаймын. Денсаулық тілеймін және сабақтарын жақсы оқысын.

— Мереке өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Барлық балаға денсаулық, бақыт тілеймін. Еліміз әрқашан аман болсын.

Бұл күні тек ақ тілектер ақтарылып қана қойған жоқ, мың бұралған бишілер де өнерлерімен көпшілікті тәнті етті. Сахна төрінде заманауи және халықтық бағыттағы ұжымдар бірінен соң бірі шығып, ортаны қыздыра түсті. Жыл сайын осы думанның бел ортасынан табылатын хореографтар бұл жолы да көрерменді жаңа қойылыммен таңғалдыруды жөн санапты.

МАРИНА СУХАРЕВА, «Заманауи хореография шеберханасы» би ансамблінің жетекшісі:

— Бұл шараға жыл сайын дәстүрлі түрде қатысамыз. 100-ден аса тәрбиеленушіміздің басын қосып көрермен назарына «Балалық шақ» флешмобы мен бірнеше авторлық биімізді ұсынып отырмыз. Бүгін сахнада өнер көрсетіп жатқан 6 мен 14 жас аралығындағы жеткіншектер – біздің ұжымның мақтаныштары.

Жас таланттардың сахнадағы әрбір қимылынан ерекше үйлесімділік байқалады. Мұндай мінсіз өнердің артында үлкен еңбек пен табандылық жатқаны сөзсіз. Тіпті, соңғы күндері болған күн райының құбылмалы мінезі де өнерпаздардың қызу дайындығына тұсау бола алмады.

ЖАННА ТЕМІРБАЕВА, «Алуа» халықтық би ансамблінің жетекшісі:

— Ауа райының қолайсыздығына қарамастан балалар мен ата-аналар зор жауапкершілік танытып, бір ай бойы үздіксіз дайындалды. Осынау ауқымды шараға 3 жасар бүлдіршіндерден бастап ұжым түлектеріне дейін, жалпы саны 3 мыңға жуық өнерпаз қатысып жатыр. Мұндай нәтижеге балалар, ұстаздар және ата-аналардың бір команда болып жұмыс істеуінің арқасында қол жеткіздік.

Төрт сағатқа созылған думанды кеште әрбір қатысушы өзін нағыз жұлдыз сезінді. Ең бастысы – қиялына қанат біткен жеткіншектердің жүзіндегі бақыт пен күлкі ұйымдастырушылар үшін ең үлкен марапат болды.

Жангельді Жамалиев