Ақан сері атындағы облыстық филармонияда 61-ші концерттік маусымның жабылуына арналған концерт өтті. Кеш барысында шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар көрерменге маусымның үздік өнер туындыларын тарту етті.
БІРЖАН ЕСЖАНОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі:
— Бүгінгі маусымның жабылуында музыкада қандай жанр бар, соның барлығын қамтуға тырысамыз. Себебі, біздің облыстық филармония басқа қалалардағы сияқты емес, ол өте көп бағытта жұмыс атқарады. Оның ішінде академиялық музыка, ұлттық және эстрадалық музыканың барлығын қамтыған. Бүгін осы ауқымды музыканың бағыттары қандай болса, соның барлығын сахнада көретін боласыздар.
Кеш барысында симфониялық және эстрадалық оркестр, хор мен би ұжымдары өнер көрсетті. Классикалық және заманауи шығармалар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
НАТАЛЬЯ НАБАДЧИКОВА, қала тұрғыны:
— Мұндай концертке жыл сайын келе бермеймін. Дегенмен, осындай кештерге қатысу мүмкіндігі туған сайын ерекше қуанамын. Филармония өнерпаздарының талантына тәнтімін.
Осылайша, облыстық филармонияның 61-ші концерттік маусымы өз мәресіне жетті. Сахна шымылдығы жабылғанымен шығармашылық өмір өз жалғасын табады.