БалаларБілім

“RoboBalapan-2026” республикалық байқауы

Бүгін облыс орталығында “RoboBalapan-2026” республикалық байқауы өтті. Іс-шараны “KazRobotics” қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясы ұйымдастырып отыр. Жалпы, финалға еліміздің 6 өңірінен 12 үздік команда қатысты. Әрқайсысына белгілі бір тақырып берілген. Мәселен, біреуіне медицина саласы берілсе, енді біреуіне ауыл шаруашылығы бағыты бекітілген. Бір таңғаларлығы – бұның барлығын бүлдіршіндер жасаған.

АЙЖАН ЖЕКЕЕВА, “KazRobotics” қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясы” РҚБ президенті:

— “RoboBalapan” сайысымыз мектеп балаларына арналған. Топ құрамында екі бала, екі ата-ана бар. Олар жобалық жұмыс жасаған кезде ғылыми зерттеу, программалау, роботтарды құрастыруды үйренеді. Ата-аналарымен бірге түрлі музейлерге барып, өндірістік процестермен танысады.

Қатысушылар финалға аса қатты мән беріп дайындалған. Мәселен, ақтөбелік Заманбек Сабыров және оның командасы өз жобаларын бір жыл бойы жасаған. Әрине, бұл аз уақыт емес. Қатысушының айтуынша мұндай сайыстар жиі өткізілуі керек. Себебі, кішкентай балалар осындай пайдалы іспен айналысу арқылы ой-өрісін дамытады. Сонымен қатар, келешекте елімізге де өз пайдаларын тигізетіні сөзсіз.

ЗАМАНБЕК САБЫРОВ, байқауға қатысушы, Ақтөбе қаласы:

— Біздің өз жерімізден шығып жатқан байлығымыз бар – ол бор. Сол туралы жоба жасап алып келдік. Оны біз құрылыстарда да түрлі ойыншық жасау кезінде пайдаланамыз. Атап өтсек, 2024 жылы су тасқыны кезінде жол қатынасы тоқтап қалды. Жан-жаққа шыға алмай қалған кезде осы шикізатты қиыршық тас ретінде пайдаланып көпір салдық. Міне, жалпы жобамыз осы жайлы.

Айта кетейік, “RoboBalapan-2026” еліміздің Президенті жариялаған Жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылған. Байқау соңында барлық қатысушы медальмен марапатталып, тиісті сертификаттарға ие болды.