Денсаулық сақтау

Петропавлда педиатрлар жиыны өтті

Петропавлдағы «Qyzyljar» креатив орталығында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай “Өңірлік педиатрлық съезд” өтті. Шараның ауқымы кең. Алқалы басқосуға Қостанай, Ақмола, Абай облысынан және Астана мен Алматы қаласынан мамандар келді. Талқыланатын тақырып – балалардың денсаулығы. Қазір бұл мәселе әркімді алаңдатады. Түйткілді тарқатудың бірден-бір жолы – бірлесе әрекет ету, тәжірибе алмасу. Бұл тұрғыда өңіріміз бен Қостанай облысының бірлескен бастамасы бар.

ҚАРЛЫҒАШ ӘЛЕНОВА, Қостанай облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры:

— Мен – Қостанай облысының бас педиатрымын. Съездің осындай басқосумен шектеліп қалмағаны қуантады. Кешегі күніміз Петропавлдағы облыстық балалар ауруханасымен тәжірибе алмасуға арналды. Біз мекемені түгел араладық, нендей құрылғылар барын көрдік, жетістіктермен таныстық. Түртіп алатын, өзімізде жүзеге асыратын жұмыстар бар екен. Соған риза болып тұрмын.

Былтыр жерлестеріміз Қостанайда болған екен. Сапар кезінде ауруханамен танысқан, жұмысты жетілтіру бойынша ой түйген. Бүгінде айтарлықтай өзгерістер бар.

ДАНИЯР БЕЙСЕМБАЕВ, СҚО көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары:

— Биыл біз алғаш рет облыстық балалар ауруханасына бүйректегі және қуықтағы тасты ұсақтайтын арнайы құрылғы сатып алдық. Бұрын мұндай болмады. Қазір өзіміздің жансақтау бөлімшесінде отадан кейінші ауырсынуды емдеу орталығын ашудамыз. Бұндай Қазақстанның бірде-бір қаласында жоқ. Бүгінгі жиында осылар туралы айтамыз, әріптестерімізден үйренеріміз әлі де көп.

Саладағы алға жылжудың нәтижесі байқалады. Мысалы, сәби өлімі облыста өткен жылдың 6 айы ішінде 14 пайызды кұраған. Ал биыл 5 пайыздың шамасында болғалы тұр. Салмағы 1 келіге дейінгі шақалақтарды күту бойынша да нәтижелі істер бар. Съезд барысында жан-жақтан келген 14 баяндамашы жүктіліктің ерте мерзімінде пайда болатын мүгедектікті анықтау, науқастарды емдеу жолдары сынды тақырыптарда маңызды баяндамалар оқыды.