СҚО әкімдігі

Петропавлда облыстық патриоттар форумы өтті

Петропавлда “Жастар-Отанға!” атты облыстық патриоттар форумы өтті. Ауқымды шараға өңірдің әр ауданынан келген 200-ден астам оқушы қатысты. Форумның негізгі мақсаты – жас буынның көшбасшылық қабілетін дамытып, патриоттық тәрбие мен цифрлық сауаттылықты арттыру.

ҚАНАТ СӘДУАҚАС, СҚО спорт, дене шынықтыру және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры:

— Жалпы айтатын болсақ, біздің облысымызда 5 мың “Жас айбын” әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері бар. 333 әскери патриоттық клубы бар. Сонымен қатар, 20 мыңнан астам “Жас ұлан” және 6 мың мыңнан астам “Жас қыран” тәрбиеленушілері бар. Осы жұмыстың бәрі, әрине, ең бірінші мектепте тәрбиеленеді.

Форум аясында квест ойындары мен интерактивті алаңдар ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қатысушылар түрлі тренингтерге қатысып, командалық жұмыс пен көшбасшылық бағытында тәжірибе жинақтады. Сонымен қатар, жасанды интеллект пен заманауи технологиялардың білім саласындағы маңызы талқыланды.

АРУЖАН АМАНГЕЛДІ, Благовещенка қазақ орта мектебінің оқушысы, Жамбыл ауданы:

— Жас патриоттар форумы аясында біз өзіміздің саяхатымызды №6 мектептен бастадық. №6 мектепте біз ойындар ойнадық, психологиялық ойындар болды. Жалпы бәріміз алғыс хатпен бағаланып, ойын соңында алғыс хаттарымызды алдық. Ойындар өте ұнады, көп нәрсе білдім.

Форумның қорытынды отырысы Оқушылар сарайында өтті. Шара соңында белсенді қатысушылар марапатталып, жастар бастамаларын қолдаудың маңыздылығы жайлы айтылды.