Қазіргі таңда ел тұрғындары цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жиі қолданады. Әрине, сөз жоқ, заман игіліктері. Бірақ, бұның екінші жағын да ұмытпаған жөн. Интернет алаяқтар қалай екені белгісіз, адамдардың жеке дерегіне қол жеткізіп, миллиондап шығын келтіруде. Аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында Петропавлда “Қазақстан Республикасында дербес деректерді қорғаудың Конституциялық кепілдіктері” атты семинар өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Бұдан былай адамның жеке деректері Конституциямен қорғалады. Бұл жайлы Ата заңның 21-бабында толық айтылған. Аталған шешім азаматтарды интернет-алаяқтық пен заңсыз несие рәсімдеуден сақтайды. Бүгінгі шараға білікті профессорларды шақырттық. Олар сіздерге смартфонды қалай қолдану, қулардан қалай сақтану керектігін бүге-шүгесіне дейін айтып береді.
Семинарға Астанадан аталған мәселені зерттеп жүрген, тәжірибесі мол мамандар келді. Олар облыс тұрғындарына бар білгендерін үйретті. Жасанды интеллектіні қолданғанда жеке деректерді жазбауларын сұрады. Сонымен қатар, банк карталарын барынша абайлап ұстап, жоғалтып алған жағдайда бірден бұғаттау қажеттігін айтты.
ҚАЗБЕК МАЙГЕЛДИНОВ, “Астана” халықаралық университеті ғылыми тобының мүшесі:
— Ешқашан смартфондарыңыз бен оның ішіндегі қосымшаларға оңай құпия сөз қоймау қажет. Біз антивирусты тек компьютер мен ноутбуктарымызға орнатамыз. Смартфондарға да жүктеген жөн.
Қазақта “Сақтансаң, сақтайды” деп бекерден бекер айтпаған. Шараға зейнеткерлер де арнайы шақыртылды. Себебі, алаяқтарға жиі жем болатын жандар – аға буын өкілдері.
МАРАТ ЕРМҰҚАНОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің баспасөз хатшысы:
— Бөтен нөмірлер хабарласса, мүлдем көтермеймін. Күдіктенсем бірден бұғаттап тастаймын. Адамдар кез келген дүниеге дайын жүруі қажет.
Айта кету керек, соңғы екі жылда облыста 1400-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Келтірілген шығын көлемі 3 млрд теңгеге жуықтайды.