Олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде “Олимпиада үміткерлері” акциясы өтті. Бұл науқан кеден қызметінің полковнигі, еркін күрестен спорт шеберіне үміткер, облыс чемпионы әрі республикалық турнирлердің жүлдегері Қайсар Малғаждаровтың құрметіне ұйымдастырылып келеді.
БАҚЫТЖАН МАЛҒАЖДАРОВА, Қайсар Малғаждаровтың әпкесі:
— Бұл науқанды 13 жыл бойы өткізіп келеміз. Менің інім – Қайсар Малғаждаров балаларды ерекше сүйетін, спортпен белсенді айналысатын және бүлдіршіндерді спортқа тартатын. “Спортпен айналысатын адам – әрқашан да үлкен азамат болады, елдің мақтанышы болады” деп айтатын. Қайсарды ұмытпаған жерлестеріме алғысым шексіз!
Акция 1-маусым – “Балаларды қорғау күні” қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Іс-шара өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардан болашақ кәсіби спортшылар даярлауға бағытталған. Қатысушылар велосипед спорты, көркем гимнастика, жеңіл атлетика, күрес, дзюдо секілді спорт түрлерінен өз өнерлерін ортаға салды.
Жаннұр Бектұғанова