Тайыншалық Виолетта Ковальчук – Қозыбаев университетінің түлегі. Жоғары оқу орнын технолог маманға туған жерінде жұмыс табылмапты. Сол себепті, ол Мансап орталығының қолдауына сүйеніп, сұлулық қызмет көрсету саласын меңгеріп шықты.
ВИОЛЕТТА КОВАЛЬЧУК, шаштараз, Тайынша ауданы:
— Мансап орталығы менің өміріме жаңа серпін берді. Бастапқыда шашты тек қалпына келтірумен шұғылдансам, үш айлық курста қию мен бояудың ең күрделі заманауи техникаларын меңгердім. Әрине, басында тәжірибенің аздығынан бәсекеге төтеп беру, жұртты үйреншікті шеберлерінен өзіме қарату оңай болған жоқ. Ізденістің арқасында қазір тұрақты келушілерім қалыптасты және бұл іс отбасылық бюджетке айтарлықтай табыс әкелуде.
Сұлулықтың сырын ұққан ару бүгінде аудан орталығындағы белді шеберлердің біріне айналды. Оның қайшысынан пайда болған әрбір туынды келушілердің көңілінен шығып, өзіндік қолтаңбасы қалыптасып келеді.
Жергілікті Мансап орталығының жұмыссыздықтың түйінін тарқатып, тұрғындардың екі қолға бір күрек табуына даңғыл жол салып отырған жайы бар. Осы бағыттағы ауқымды істер мен негізгі көрсеткіштер жайында филиал жетекшісі кеңірек тоқталды.
РҮСТЕМ ЖҰМАҒҰЛОВ, Тайынша ауданы Мансап орталығы филиалының директоры:
— Қазіргі уақытта аудандық Мансап орталығында 281 жұмыссыз азамат тіркеуде тұр. Оның 170-і жұмыспен қамту шараларына тартылды. Ал қысқа мерзімді кәсіптік қайта даярлаудан өткен 14 тұрғын толықтай тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Жалпы, бұл жобаның тиімділігі жоғары, өйткені үміткерлер тегін білім алып, куәлік иеленумен қатар, мемлекет тарапынан ай сайынғы тұрақты шәкіртақымен қамтамасыз етіледі.
“Қалауын тапса қар жанар” деген бар. Қазір кез келген тұрғын орталық арқылы аспаз немесе шаштараз секілді нарықта өтімді кәсіптерді тегін меңгеріп, маман атана алады.
Жангельді Жамалиев