Облысқа жұмыс сапарымен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров келді. Ол ең алдымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен Қызылжар ауданындағы “Сервис Жарс” серіктестігінің алқабында теріскейлік диқандармен кездесті. Айта кету керек, аталған агроқұрылым ертең егіс науқанын аяқтауды жоспарлап отыр. Барлығы 21 мың гектар алқапқа дән сіңірмек.
ҒАББАС ЖАНТАЕВ, “Сервис Жарс” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
— 7 мың гектар алқапқа майлы дақыл ектік. Ылғал жеткілікті. Серіктестікте 112 адам жұмыс істейді. 40-қа жуық техникамыз бар.
Маңызды жиында облыстағы көктемгі егіс жұмыстарының барысы баяндалды. Ауыл шаруашылығын қолдауға арналған жаңа жобалар жайлы сөз болды. Биыл облыста 4 млн 300 мың гектар алқапқа дән себіледі. Әртараптандыру аясында дәнді дақылдар көлемі 100 мың гектарға қысқартылып, 2 млн 9 мың гектарды құрап отыр. Майлы өнімдер алқабы 1 млн гектарға жетеді, мал азықтық дақылдар – 405 мың гектар.
ДӘУРЕН ТОКУЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
— Диқандарға егіс және орақ науқанын ойдағыдай өткеру үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген пайызбен 170 млрд теңге несие берілді. Аграрилеріміз биыл 59 мың тонна жанар-жағармаймен және 360 мың тонна минералды тыңайтқышпен қамтамасыз етілді. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Еңбеккерлер аянбай еңбек етуде. Ауа райы қолайлы болса маңызды істі 5 маусымға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Жиын барысында диқандар Ауыл шаруашылығы министріне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Кездесуде өсімдік және мал шаруашылығын дамыту жайлы да сөз болды.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
— Мемлекет тарапынан сіздерге зор қолдау көрсетілуде. Ерте жеңілдетілген пайызбен несие алдыңыздар. Бәрі ойдағыдай өтеді деп ойлаймын. Екі жыл бойы рекордты көлемде өнім алдыңыздар. Биыл да жақсы нәтиже күтеміз.
Кейін Айдарбек Сапаров пен Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар ауданында салынып жатқан жоңышқа шөбін өңдейтін зауыттың құрылысымен танысты. Кәсіпорында жылына 60 мың тонна сапалы жем өндірілмек. Өндіріс орны қолданысқа берілгеннен кейін 50 адам жұмыспен қамтылады.
АРМАН УАТАЕВ, “Salar Farm” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
— Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамырында басталды. Маңызды істі 50 пайызға аяқтадық. Жоба құны – 5,5 млрд теңге.
Жоңышқа ақуыз бен кальцийге бай. Өсімдікті терең өңдеп, малға берсе, мол көлемде сүт пен ет алуға болады. Айта кету керек, кәсіпорын тамызда қолданысқа беріледі.
Нұрасыл Ахмет