СҚО-да “Нашақорлыққа жол жоқ” акциясы бастау алды. Игі бастама – жастар арналған. Құқық қорғау органдарының өкілдері мен еріктілер 1 ай бойы ұл-қыздармен кездесіп, есірткі қылмысының салдары жайлы айтатын болады. Зиянды затты тұтынудың соңы неге әкеп соғатынын да түсіндіреді. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.
МАКСИМ ДОРОВИК, СҚО прокурорының аға көмекшісі:
— Жыл басынан облыста 120 есірткі қылмысы анықталды. Оның 35 пайызы зиянды затты сатуға қатысты. Заңсыз айналымнан 20 келіге жуық есірткі тәркіленді. Оның 8 келісі – синтетикалық ұнтақ. Қаншама жас оңай жолмен ақша табамыз деп шалыс басып жатыр. Ауыр жазаға тартылатынын біле тұра істейтіндері де аз емес. Айта кету керек, есірткі таратумен айналысқан адам кемі 10 жылға сотталады.
Бүгінгі өткен шара ерекше форматта ұйымдастырылды. Жастар ашық аспан астында би билеп, жаттығу жасады. Кейін құқық қорғау органдарының өкілдері түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бар білгендерін ортаға салды.
БАЙЖАН ӘБДІРОВ, “Жастар рухы” ЖҚ СҚОФ консультанты:
— Мектеп кезінен оқушыларға есірткі қылмысының салдары жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізсек, келеңсіз оқиғалардың саны азаяр еді. Есірткі қылмысына қарсы іс-шаралар легі мұнымен тоқтап қалмаса екен деймін.
Айта кету керек, алдағы уақытта акция аясында жаппай жүгіру жарысы өтеді. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының өкілдері адам көп жүретін орындарда жаднама қағаздарын таратпақ. Оқу орындарын да аралауды жоспарлап отыр.
Нұрасыл Ахмет