Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров облысқа жұмыс сапары барысында «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің бірқатар нысанын аралады. Қызылжар ауданындағы мегаферма жобасын жүзеге асыру жұмыстары 2025 жылы басталған. Тауарлы-сүт фермасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда 1200 және 800 бас ірі қараға арналған бірнеше қора дайын тұр. Жалпы, фермада 8 мың бас мал ұсталып, жылына 26 мың тонна сүт өндіру жоспарланған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы министрі облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге «Зенченко және К» КС көктемгі дала жұмыстарымен танысты. Серіктестіктің егістік алқабы 50 мың гектардан асады. Мұнда бидай, рапс, арпа және өзге де дақылдар өсіріледі. Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі егіс науқаны қарқынды жүріп жатыр. Аграрийлер өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай алда келеді. Бұған мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау ықпал етуде.