Әлемде, оның ішінде Қазақстанда адам папилломасы вирусына қарсы күрес жалғасуда. Бұл бір ғана індет емес. Бұл – кез келген жанның терісі мен ауыз қуысы және жыныс мүшелерінің шырышты қабаттарын зақымдайтын өзара туыстас инфекцияның 200-ден астам түрі.
ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
— Адам папилломасы вирусы (АПВ) келесі жолдармен жұғады: байланыс-тұрмыстық жолмен, жыныстық жолмен, босану кезінде вертикальды жолмен, өздігінен жұқтыру жолымен.
Қазіргі таңда әлемде вирусты толық жоятын емдеу тәсілі жоқ. Алдын алудың жалғыз тиімді әдісі – вакцинация. Ал Қазақстанда иммундау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екпе алушылар – қыздар. Себебі, аталған індет ағзада ұзақ сақталса, жатыр мойны обырының дамуына себеп болуы мүмкін.
ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
— Вакцинация дәрігердің тексеруінен және қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда 6 ай аралықпен екі рет жүргізіледі. АПВ-ға қарсы егу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған және тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген «Мерк Шарп и Доум» компаниясының (АҚШ) 4-валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады.
Өңірдегі деректермен бөлісейік. Осы күні аймақта 11 жастағы қыздарға және 12-13 жастағы жеткіншектерге екпе қойылуда.
ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
— 2026 жылдың басынан бастап облыста 11-13 жас аралығындағы қыздарға АПВ-ға қарсы 957-ден астам профилактикалық егу жүргізілді, оның ішінде 503 адам бірінші дозамен, 454 қыз екінші дозамен егілді. Егілгендер арасында иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.
Бүгінде адам папилломасы вирусына қарсы вакциналар әлемнің шамамен 140 елінде қолданылады. Оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан сынды көршілеріміз де бар.
Байболат Құлтанов