Мәдениет

“Мағжан” орталығында М.Жұмабаевтың 133 жылдығына орай әдеби кеш өтті

Мағжан Жұмабаевтың 133 жылдығына орай біртуар тұлғаның аты берілген колледж студенттері ерекше акция бастады. Оның аясында аталған оқу орнының ұл-қыздары апта сайын “Мағжан” орталығына келіп, түрлі әдеби шаралар өткізеді. Тағылымы мол жиындар жастарға арналған. Игі бастаманы мекеме директоры, өңірге белгілі жазушы Жарасбай Сүлейменов қолдайды. Айта кету керек, Жарасбай Қабдоллаұлының қазақтың ақиық ақынын зерттеп жүргеніне 60 жылға жуықтапты. Тіпті, Мағжанның өмір жолына арналған 500 беттік энциклопедия жазған.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, жазушы, облыстың Құрметті азаматы:

— Көбі біле бермейді, Мағжан аштыққа қарсы комиссияның құрамында болған. Қиындық көрген жандарға жылу жинаған.

Шара барысында студенттер қазақ үшін қам жеген, елдегі педагогиканың негізін салған тұлғаның өлеңдерін жатқа айтып берді. Жалпы, Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде біртуар тұлғаның шығармашылығына ерекше көңіл бөлінеді. Оқытушылар ақиық ақынның артынан тастап кеткен мұрасы арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуді жөн көреді.

ЛИНА ЫСҚАҚОВА, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің оқытушысы:

— Біздің мақсатымыз – ұлы тұлғаның ұлы мұрасын насихаттау.

Танымдық шарада аты күллі түркі әлеміне танымал жерлесіміздің өмірбаяны оқылып, сазды-әуезді әндер орындалды. Білімге құштар жастар тұрған ұлы тұлғаның есімі ешқашан ұмытылмайды.

АЛИНА НҰРЫМ, М. Жұмабаев атындағы жоғары колледждің студенті:

— Мектеп кезінде Мағжанның 84 өлеңін жаттадым. Туған жер мен махаббатқа арналған туындылары қатты ұнайтын. Мағжанның өлеңдерін жаттауыма сынып жетекшім себепші болды.

Айта кету керек, Мағжан Жұмабаевтың бізге жеткен 200-ден астам туындысы мен 15 поэмасы бар.

Нұрасыл Ахмет