Мәдениет

Ұлт мақтанышы – Қошке Кемеңгерұлы

Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, сан қырлы ғалым әрі драматург Қошке Кемеңгерұлының туғанына биыл – 130 жыл. Ұлт азаттығы жолында жан аямай еңбек еткен тұлғаның мерейтойына орай Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде «Ұлт мақтанышы – Қошке Кемеңгерұлы» атты дөңгелек үстел жиыны өтті. Алқалы жиынды ашқан тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова архив қорларындағы тың деректермен бөлісіп, Омбыдан табылған бірегей қолжазбаның құндылығына тоқталды.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

— Біз енді дөңгелек үстел үстінде ерекше бір құжат жайлы айтатын боламыз. Ол – биыл Омбы қаласындағы тарихи архивтен табылған Қошкенің қолжазбасы. Бұл қолжазбада 1918 жылғы саяси тартыстар кезіндегі қазақ қоғамындағы «Бірлік» жастар ұйымының ағартушылық ұйым ретінде қалыптасуы, кейін біртіндеп қоғамдық-саяси ұйымға айналып, «Жас азамат» ұйымының құрылу жолы баяндалады. Сондай-ақ, сол кезеңдегі саяси тартыстар мен пікіралмасулар жөніндегі құнды деректер қамтылған.

Шара барысында сирек кездесетін тарихи құжаттар қойылған «Қызылжардың ұлт зиялылары» атты көрме таныстырылды. Басқосуға елімізге белгілі тарихшылар, профессорлар мен қоғам белсенділері қатысып, Қошке мұрасының зерттелу барысын ортаға салды.

Жиынға қатысқан елордалық ғалымдар да Қызылжар жерінің Алаш тарихындағы орны ерекше екенін алға тартады. Себебі, Омбы уезінде туған дарынды тұлғаның баспасөзде еңбек етіп, халықты оятудағы алғашқы қадамдары осы өңірмен тығыз байланысты.

ЖАБАЙ ҚАЛИЕВ, Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресі хатшылығының басшысы:

— Қошке Кемеңгерұлына арналған іс-шараның Қызылжардың қаласында өтуі өте өзекті. Өйткені, бұл кісі кезінде осы қалада газет-журналдар шығарған. Сонымен қатар, оның дүниеге келген жері де осы өңірге жақын – сол кездегі Ақмола облысына қараған Омбы уезі. Биыл Қошке Кемеңгерұлының 130 жылдығына орай республикалық деңгейде түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Барлық жерде Қошке Кемеңгерұлы ұлт мақтанышы ретінде ұлықталуда.

Архив қабырғасында өткен бұл шара тұлғатану бағытына жаңа серпін бермек. Ғалымдар Қошкенің Омбыдан табылған тың қолжазбасы алдағы уақытта еліміздің ғылыми айналымына толық енетінін жеткізді.

Жангельді Жамалиев