ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
— Көп ұзамай Тайыншаға сән кіреді. Қазір қаланың басты алаңында кеспе тастар жаңасына ауыстырылып жатыр. Бұнымен жұмыс аяқталмайды. Қонақтардың, тұрғындардың жайлылығы үшін жаңадан жарықшамдар мен заманауи шағын сәулет нысандары орнатылады.
Аудан орталығының ажарын ашатын бұл ауқымды жобаны мердігерлер осы айдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Құрылыс алаңындағы қызу тірлік бір жұмадан аса уақыт бұрын басталған. Қазіргі таңда мұнда асфальт-бетон жабынын төсеу, жиектастарды жаңарту және мәдени шаралар өтетін сахнаны қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Көп ұзамай аумақ тартымды демалыс орнына айналады.
ДАСТАН ҚАРБАЕВ, Тайынша ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы:
— Біз орталықты ретке келтірумен шектелмей, қаланың экологиялық және санитарлық жағдайына да баса назар аударып отырмыз. Осы мақсатта елді мекендегі 380 ағаштың бұтақтарын кесіп, пішіндеу жұмыстары қолға алынды. Бұл шара ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көшелерге ұқыпты кейіп беру үшін қажет. Мұнымен қоса, шаһарды көгалдандыру бағытында да ауқымды істер атқарылуда.
Тазалық пен қауіпсіздіктен бөлек, қаланы эстетикалық тұрғыдан көркемдеу де қарқын алған. Жақында Тайынша көшелеріне 10 мың түп петуния гүлі отырғызыла бастады. Жасыл желек пен гүлзарлардың көбеюі аудан орталығының экологиялық ахуалын жақсартып, қолайлы қалалық орта қалыптастыруға септігін тигізбек.