Аптадағы маңызды жаңалықтарДенсаулық сақтау

Қызылжар ауданындағы ауылдарды жылжымалы медициналық кешен аралауда

Қызылжар ауданында алғаш рет шалғай жатқан және қатынау қиын ауылдарды жылжымалы медициналық кешен аралай бастады. Арнайы автобус бірінші барған елді мекен – Знаменское. Мұндағы тұрғындарды тар бейінді мамандар тексерді, профилактикалық және скринингтік тексерулерден, диагностикалық зерттеулерден өткізді.

ӘСЕМ КӨШЕРОВА, Қызылжар аудандық ауруханасының емхана меңгерушісі:

— Мобильдік бригаданың құрамына мына мамандар кіреді: акушер-гинеколог, невропатолог, хирург, педиатр, жалпы тәжірибе дәрігері, орта медицина қызметкерлері және зертханашы. Біз созылмалы аурулары бар науқастарға, жүкті әйелдерге, бір жасқа дейінгі балаларға, сондай-ақ қозғалысы шектеулі, мүгедектігі бар қызылжарлықтарға, көпбалалы отбасыларға ерекше назар аударғымыз келеді. Бұл азаматтар үшін ауруханаға жету өте қиын.

Барлық медициналық қызмет тегін көрсетіледі, халық кезекпен қабылданады. Валентина Уразалинова хирургтен кеңес алуға алғашқылардың бірі болып келіп отыр.

ВАЛЕНТИНА УРАЗАЛИНОВА, Знаменское ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

— Маған қызмет көрсету сапасы өте ұнады. Дәрігер сыпайы, мейірімді екен. Кеңестік, ота жасату қажет. Ауылымызға жылжымалы зертхананың келгені жақсы болды. Мамандармен аудан орталығына бармай-ақ қауыштық.

Владислава Венжега қабылдауға қызын алып келді. Вероника жақында бір жасқа толады. Оны педиатр мен невропатологтың жоспарлы тексеруінен өткізу керек.

ВЛАДИСЛАВА ВЕНЖЕГА, Знаменское ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

— Алдымен педиатрға кірдік. Қабылдауы, баланы қарауы ұнады. Өзге дәрігерлер де білікті көрінеді. Ауылдастарымнан мақтау сөздер естіп жатырмын. Қазір невропатологқа кіреміз. Сонымен қатар, осы жерде қан тапсырдық. Енді қалаға, Бескөлке барамыз деп алаңдамаймыз. Мына ыстықта баланы тасу оңай шаруа емес.

Құрамына Знаменское кіретін Светлопольск ауылдық округінде қазір бір жарым мыңға жуық адам тұрады. Олар аудандық дәрігерлер табан тигізген елдімекендегі амбулаторияға қарайды.

ДАНИЛ ХОХЛОВ, Знаменское ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері, Қызылжар ауданы:

— Біздің амбулаторияда 7 адам жұмыс істейді: фельдшер, 2 медбике, санитар. Күн сайын 20-ға жуық адамға қызмет көрсетеміз, халық түрлі аурумен жүгінеді. Жылжымалы кешеннің келуі баршамызды қуантты. Осы бастаманың арқасында тұрғындарымыз шығындалмайды, кезек күтпейді. Үлкен де, кіші де игілігін көруде. Автобусты асыға күтеміз, келесі жолы маман саны бұдан да көп болса екен.

Айта кеткен жөн, ауру белгілері анықталған жағдайда дәрігерлер ауыл тұрғындарын емдеуге жібереді. Ендігі кезекте Қызылжар ауданындағы өзге ауылдар тұр. Кешендегі мамандар 2,5 мыңнан астам адамды қамтуды жоспарлап отыр.

Байболат Құлтанов