Балалар

“Береке” бөбекжай-бақшасында алғашқы түлектерді мектепке шығарып салу рәсімі өтті

Бүгін “Береке” бөбекжай-бақшасы үшін тарихи күн! Бір жарым жыл бұрын ашылған мектепке дейінгі білім беру мекемесінде алғашқы түлектерді мектепке шығарып салу рәсімі өтті. Салтанатты жиынға ұл-қыздардың ата-аналары қатысты. Тәрбиешілер мен жеткіншектер шараға арнап ауқымды бағдарлама дайындаған.

ГҮЛСІМ ОСПАНОВА, “Береке” бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі:

— Бүгін 20 бала бөбекжай-бақшамызды тәмамдайды. Біз оларға ұлттық құндылықтарымыз жайлы мол ақпар бердік. Сабақтар “Адал азамат” бағдарламасы аясында өткізілді.

Жеткіншектер қоштасу кешкіне ұзақ уақыт дайындалған. Шара жоғары деңгейде өтті. Ұл-қыздар заманауи әндерді шырқады, жаңа шыққан трендтерге би биледі. Жеткіншектердің басты қолдаушылары – ата-аналар балаларына көзайым болып қарап тұр. Ұл-қыздардың өнері барлығының көңілінен шықты. Оны тоқтаусыз соғылған шапалақтан көруге болады. Жансая Мәлікованың “Береке” ықшам ауданында тұрып жатқанына 9 жыл болған. Нәзікжанды бұған дейін балаларын орталықтағы балабақшаларға апарып жүрген. Ол өзі тұрып жатқан ауданда заманауи мектепке дейінгі мекеме ашылғанына дән риза. Ұжымның жұмысына көңілі толады.

ЖАНСАЯ МӘЛІКОВА:

— “Береке” бөбекжай-бақшасына баламды әкелгеніме қуаныштымын. Іші кең, тәрбиешілері де өте мейірімді. Мекеме ұжымына тек табыс тілеймін.

Айта кету керек, “Береке” бөбекжай-бақшасы 140 орынға шақталған. 4 қазақ, 3 орыс тобы бар. Мекеме ойын және спорт бөлмелері және үйірме залдарымен қамтылған.

 

Нұрасыл Ахмет