Петропавлда алғаш рет киберспорттың CS2 бағыты бойынша ресми облыстық турнир өтті. Сайысқа 16 команда қатысты. Жарыстың ұйымдастырушысы – облыстың жақында құрылған киберспорт федерациясы.
АЛДИЯР АРАС, СҚО киберспорт федерациясының басшысы:
— Бұл идея маған 2016 жылы келді. Сол кезде Dota, CS2 сынды ойындарға қызықтым. Кейін киберспортты біздің өңірде қолға алып, дамыту ойыма келді. Себебі, 2018 жылы Қазақстан аталмыш бағытты ресми спорт түрлерінің қатарына енгізді. Биыл теріскейде федерация аштым. Бүгін турнирімізді ұйымдастырып отырмыз. Ұйымдастыруға ішкі саясат басқармасы қолдау көрсетуде. Сайысқа 80-ге жуық адам қатысып отыр. Әр командада 6 ойыншы болады.
Мына команда “Fivenightskings” деп аталады. Топтағы 5 жігіт – бала кезден достар. Ұжымның капитаны Илья Богомоловтың сөзінше, бұл құрама бұған дейін басқа жарыстарға қатыспаған.
ИЛЬЯ БОГОМОЛОВ, “Fivenightskings” командасының капитаны:
— Команданың құрылғанына біраз болды. Дегенмен, жарыстарда тәжірибеміз аз. Қарсыластарымызды танымаймын, бірақ бізге қиын болмайды деген ойдамын. Жаңа дайындық барысында бір-екі кездесу өткіздік, жеңіске жеттік. Мақсатымыз – топ жару.
Айта кету керек, сайыстың өтуіне облыстық ішкі саясат басқармасы зор қолдау көрсетті. Турнир барысы арнайы платформаларда тікелей эфирде көрсетілді. Сайысты комментаторлар қазақ және орыс тілінде жүргізді. Киберспорттың өзіндік пайдасы бар. Бұл бағытты таңдағандар төзімділік, табандылық қасиетті шыңдайды. Мұқияттылықты арттырады. Турнир 2 күнге созылды. Оның қорытындысы бойынша 1-ші орынға жергілікті “qNatek” командасы қол жеткізіп, 250 мың теңгені қанжығаларына байлады. Бұдан кейін тұғырдан табылған ұжымдарға 150 және 100 мың теңгенің сертификаттары табысталды. Айта кетейік, аталмыш турнирлер жастар арасындағы цифрлық сауаттылықты арттыруға да бағытталған.
Ұлан Ыдырыс