Тайынша ауданындағы «Астық-СТЭМ» серіктестігі биыл 400 гектар алқапқа картоп отырғызуды қолға алды. Шаруашылық «Кең дала-2» бағдарламасына қатысып, қажетті минералды тыңайтқыш пен нарықтық бағадан арзан дизель отынын уақытылы алған. Соның арқасында техникалар алқапқа кешікпей шығып, тұқым себу жұмыстары бекітілген агротехникалық мерзімде атқарылуда.
СЕРГЕЙ ЗВОЛЬСКИЙ, «Астық-СТЭМ» ЖШС негізін қалаушы, Тайынша ауданы:
— Өткен жылы біз тамшылатып суару әдісінің нәтижесінде картоптың әр гектарынан 60 тоннадан астам өнім алдық. Ал сәбіздің орташа шығымы 90 тоннаны құраса, кейбір алқаптарда 117 тоннаға дейін жетті. Биыл да тұқымды толық жаңарттық, себебі картоп бүтін әрі таза болуы тиіс.
Бұл серіктестік тек егіншілікпен ғана шектелмей, мал шаруашылығын да қатар дамытып отырған көпсалалы кәсіпорын болып табылады. Шаруашылық өз өнімдерін терең өңдеу арқылы нарықтағы баға тұрақсыздығына тәуелді болмаудың жолын тапқан. Кәсіпорында жергілікті тұрғындарды ынталандыру мен еңбекақы төлеудің тиімді жүйесі жолға қойылған.
СЕРГЕЙ ЗВОЛЬСКИЙ, «Астық-СТЭМ» ЖШС негізін қалаушы, Тайынша ауданы:
— Шаруашылықта 196 адам тұрақты жұмыс істейді. Бізде механизаторлардың ай сайын алатын жалақысы жай ғана аванс болып есептеледі. Негізгі табысты олар күзде, жиналған өнімнің молшылығына байланысты жыл соңында алады. Мысалы, өткен жылы біздің механизаторларымыздың бірі маусым қорытындысы бойынша 5 млн теңгеден астам қаражат алды.
Шаруашылық өз қаражаты есебінен машина-трактор паркін соңғы үлгідегі жоғары өнімді John Deere және Case егіс кешендерімен, сондай-ақ заманауи Grimme картоп отырғызғыш агрегаттарымен толықтырған. Жаңа еуропалық технология еңбек өнімділігін арттырып, тәулігіне 35-40 гектар жерге картоп егуге мүмкіндік беріп отыр. Күн райының қолайлы сәтін жіберіп алмау үшін алқаптағы жұмыс екі ауысымда ұйымдастырылған. Көктемгі науқанның шығынсыз өтуі де тікелей осы техниканың қуаттылығына байланысты.
ПЕТР СОКОЛОВСКИЙ, «Астық-СТЭМ» ЖШС механизаторы, Тайынша ауданы:
— Ауыл шаруашылығында жүргеніме бірінші жыл емес, көктемнің әр күні жылға азық екенін жақсы түсінемін. Қазір заманауи, қуатты техникамен жұмыс істейміз, бұрынғымен салыстырғанда қазір жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл. Бірақ бәрібір көп нәрсе адамның жауапкершілігіне байланысты. Жерге себілген әр тұқымға ұқыптылықпен қараймыз, себебі күзде алатын өніміміз – бүгінгі еңбегіміздің жемісі.
Тайынша ауданы бойынша биылғы жаздық егіс көлемі 600 мың гектардан асады. Өңірде егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп, шаруалар дәнді дақылдардан бөлек, майлы және мал азығы дақылдарын егуді ұлғайтқан. Сондай-ақ, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету үшін облыс бойынша картоп пен көкөніс егуге ерекше басымдық беріліп жатыр.
АСАН ӘМРЕНОВ, Тайынша ауданы әкімінің орынбасары:
— Қазіргі таңда ауданда егіс жұмыстары бекітілген кестеге сай, тиісті мерзімде жүріп жатыр. Көктемгі егіс жұмыстары шамамен 40 пайызға орындалды. Науқанға 1400-ден астам трактор мен 260 заманауи егіс кешені жұмылдырылған. Мемлекет тарапынан аграршыларға 13 млрд теңгеден астам жеңілдікті несие берілді. Сондай-ақ, ауданға 11 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, шаруалар толық қамтамасыз етілді.
Тайыншалық диқандар егіс жұмыстарын мамыр айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Жангельді Жамалиев