Өңір жетекшісінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов ең алдымен Тимирязев ауданындағы шаруалармен жүздесті. Кездесу барысында Марат Иманбайұлы жергілікті диқандарға өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа технологияларды енгізуді тапсырды. Сонымен қатар аймақта тек егін егумен шектелмей, төрт түлікті өсіруді де қатар дамыту қажеттігіне назар аударды. Кейін Марат Тасмағанбетовтың сапары Шал ақын ауданында жалғасты. Қазіргі уақытта мұнда көктемгі егіс науқаны қарқын алған. Аудан бойынша алқаптардың 50 пайызын жоғары маржиналды дақылдар, яғни майлы және бұршақ тұқымдастар алып жатыр. Жалпы аудан бойынша егістіктің 23 пайызы майлы дақылдарға тиесілі.
Өңірдегі іргелі агрокәсіпорындардың бірі – «Черкас» ЖШС. Серіктестіктің иелігінде 9 мың 180 гектардан астам құнарлы жер бар. Шаруашылық егін егу және жайылымды игеру ісінде тек заманауи, қуатты шетелдік техникаларды пайдалануда.
АЛЕКСАНДР ЧЕРКАС, «Черкас» ЖШС директоры:
— Бүгінде біздің құрамда екі серіктестік бар. Биыл 8,5 мың гектар жерге дәнді, бидай, бұршақ және азықтық дақылдар себуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда дала жұмыстарына тек шетелдік техникалар тартылды. Сондай-ақ 6 егіс кешені жұмыс істеп тұр, жалпы бізде 8 кешен бар: оның екеуі «Амазон Кондор» болса, төртеуі «Джон Дир» кешені. Сондай-ақ 3 бірлік «1830» ауыл шаруашылығы техникасы мен тракторлар дайын.
Айта кетейік, Марат Иманбайұлы үкімет отырысында бекітілген маңызды шешімдерге де тоқталды. Оның сөзінше, биыл мақсатты қаржы тек «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы ғана емес, «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» (СПК) арқылы да беріледі. Бұл қаражат ет бағытындағы жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ.