Өңір жетекшісінің бірінші орынбасары алғашқы болып Есіл ауданына қарасты Мәдениет ауылына барды. Мұнда Марат Иманбайұлы «Прометей-Агро» және «Тілеп-НАН» серіктестіктерінің жетекшілерімен жүздесті. Бүгінгі таңда бұл қожалықтарға «Аграрлық несие корпорациясы» тарапынан тиісті қаржылай қолдау көрсетілген. «Тілеп-НАН» серіктестігі Есіл ауданында 7 мың гектар алқапты игеріп отыр. Оның 60 пайызына дәнді дақылдар себілсе, қалған бөлігіне майлы және бұршақты дақылдар егіледі. Көктемгі дала жұмыстарына тас-түйін дайын отырған агроқұрылым биыл тұқым қорын 15 пайызға дейін жаңартқан.
ҚАЙРАТ МЕЙРАМОВ, «Тілеп-НАН» ЖШС директоры, Есіл ауданы:
— Бүгінде техникалар жөндеуден өткізілді және техникалық парк жаңартылды. Қосымша агрегаттар, оның ішінде «Амазон» егіс кешені сатып алынды. Мемлекеттік қолдау шаралары шаруашылығымыздың барлық кезеңінде сезіліп келеді. Мәселен, ұзақ уақыт бойы сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мәселесі ашық болып келді. Биыл мемлекет ұсынған өсімдік шаруашылығы саласындағы барлық қолдау тетіктері мен құралдары біздің шаруашылықта толық пайдаланылып жатыр.
Бұдан кейін Марат Тасмағанбетов Ғабит Мүсірепов ауданындағы Неженка ауылына барды. Жұмыс сапары аталған елдімекендегі жергілікті кәсіпкерлермен кездесумен жалғасты. Марат Иманбайұлының сөзінше, биыл мемлекет тарапынан диқандардың егіс науқанына еш алаңсыз кірісуі үшін барлық қолайлы жағдай жасалған.
Сонымен қатар, облыс әкімінің бірінші орынбасары қазіргі күні өңірімізге 56 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінгенін айтты. Оның құны литріне 281 теңгені құрайды. Яғни, ол нарықтағы бағадан 20 пайызға төмен.