Мәдениет

Құрбан айт мейрамына 2 күн қалды

Мұсылмандардың ұлық мерекесі Құрбан айттың басталуына 2 күн қалды. Құрбан араб тілінде “жақындау”, айт “мейрам” дегенді білдіреді. Мереке күндері мұсылмандарға құрбан шалу нәсіп етілген. Оған төрт түлікке кіретін жылқыдан басқа тұяқтылардың барлығы жатады. Осы орайда СҚО бас имамы Хамзат Қажымұратұлы малдың жасына, оның денсаулығы мен жағдайына да мән берген жөн дейді.

ХАМЗАТ ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ, облыстың бас имамы:

— Құрбандық қой, ешкіден шалынады. Олардың бір жасқа толғаны дұрыс. Марқа тоқтылар болса, оны құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Бірақ, негізі 1 жылдан асқан дұрыс.

27-ші мамыр күні таңғы 6-да Айт намазы оқылады. Содан кейін мамырдың 29-шы жұлдызы, күн батқанша дейін құрбандық шалуға рұқсат етілген. Мал сататын әрі мал соятын жер ретінде жылдағыдай Жұмысшы кентіндегі Космонавтар көшесіндегі арнайы орын белгіленді.

ХАМЗАТ ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ, облыстың бас имамы:

— Құрбандықты тек жағдайы бар адам ғана шалады. Жағдайы төмен адамдар құрбандық шалмайды.

Сонымен қатар, құрбандықты онлайн түрде шалуға болады. Ол үшін арнайы “Құрбандық-2026” қосымшасы жұмыс істейді. Ондағы баға 120 мың теңге көлемінде бектілген. Оған мал құны және қасапшының қолақысы да кіреді.

Ұлан Ыдырыс