Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейдің түлектері үшін балалық шақтың соңғы қоңырауы сыңғырлады. Биыл бұл алтын ұядан 49 түлек үлкен өмірге қанат қаққалы тұр. Мектеп формасын киіп, жүздері бал-бұл жанған 11-сынып оқушылары жүректегі қимастық сезіммен қоштасу вальсін биледі.
Әлішер Сейтембетов – 11 жыл бойы мектептің қоғамдық өмірінде аса белсенді болған жастардың бірі. Ол тек сабақ оқып қана қоймай, театр үйірмесінде өнер көрсетіп, география пәнінен олимпиадаларда бақ сынап, мектеп абыройын асқақтатты. Міне, бүгін ол алтын ұя мектебімен қоштасқалы тұр. Түлектің айтуынша, қимастық сезімі жүректі тебіренткенімен алда үлкен мүмкіндіктер мен даңғыл жол күтіп тұр.
ӘЛІШЕР СЕЙТЕМБЕТОВ, бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейдің түлегі:
— Мен бұл лицейдің табалдырығын бірінші сыныптан бастап аттадым. Мектебім маған болашақ армандарыма жету үшін, мансабымды құру үшін берік іргетас қалап берді. Бүгін менің жүрегімде ерекше бір толқыныс бар. Өйткені, 11 жыл бойы білім нәрімен сусындаған ыстық ұямнан, өз мектебімнен ұшқалы жатырмын… Мен бұл алтын ұяны ешқашан ұмытпаймын.
Арман қуған жастардың 11 жылдық мектеп өмірі өте қызықты, мағыналы әрі жарқын сәттерге толы болды. Бұл лицейдің оқушылары тек білім алып қана қоймай, түрлі білім бәйгелері мен халықаралық олимпиадаларда топ жарып, ғылыми жобаларда жүлделі орын иеленіп келді. Ең бастысы, олар біліммен қатар, лицейдің айнымас алтын дәстүрлерін де ерекше қастерлей білді.
ИВАН ПОГОССКИЙ, бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейдің түлегі:
— Әрине, көңілде сәл мұң бар екені жасырын емес. Мектеп – біздің екінші үйіміз, бұл сөздің төркіні біз үшін өте ыстық. Мен мектебімді ерекше сағынатын боламын. Өйткені, бұл жер – біздің есейіп, өскен, өмірлік қызығушылықтарымызды тапқан мекеніміз. Бұл – әрбір адамның ғұмырында алтын әріппен жазылатын ең маңызды белес.
АЛЕНА МАЛАЯ, бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейдің 11 «Б» сынып жетекшісі:
— Шәкірттерімді келесі өмір белесіне шығарып салып жатқандықтан аса толқып тұрмын. Мен олардың болашақтарының жарқын болатынына кәміл сенімдімін. Біздің бірге өткізген әр күніміз бір тарих: балаларымыздың бәрі шығармашыл, белсенді, креативті әрі мейірімді. Менің сыныбымда 2 қыз бала -«Алтын белгіге» үміткер, сондай-ақ үздік аттестат алатын ұлдарымыз да бар.
Биыл аталған білім ұясының 8 түлегі үздік аттестаттан, ал оның ішінде 5 оқушы ең жоғарғы белгі – «Алтын белгіден» үміткер болып отыр. Мектеп мақтаныштарының мұндай жоғары көрсеткіші – білім ордасындағы жүйелі жұмыстың жемісі. Өйткені мұнда баланың жан-жақты дамуына, ІТ-бағытпен қатар өзге де ғылымдарды игеруіне ерекше жағдай жасалған.
ОКСАНА НОВИКОВА, бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейдің директоры:
— Қазіргі таңда лицейімізде 1-11 сыныптар аралығында 691 оқушы және мектепалды даярлық сыныбында 10 бүлдіршін тәрбиеленуде. Біздің мектеп IT-бағытында болғандықтан, заман талабына сай арнайы курстар мен үйірмелер жүйелі жұмыс істейді. Жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық бағыттағы пәндеріміз де тереңдетіліп оқытылады, оқушыларымыз олимпиадаларға ерекше дайындықтан өтеді. Сонымен қатар, бастауыш сыныптардан бастап баланың тұлғалық дамуына қажетті логика мен функционалды оқу сияқты пәндер енгізілген.
Алтын ұямен қоштасқан жас түлектерді алда үлкен өмірдің алғашқы маңызды белестері – мектеп емтихандары, Ұлттық бірыңғай тестілеу және арман қуған жоғары оқу орындарына түсу кезеңі күтіп тұр.
Жангельді Жамалиев