Балалар

№17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің 11 түлегі – “Алтын белгіге” үміткер

25-ші мамыр күні соңғы соңырау үні №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде де естілді. Аталған білім ұясын 121 оқушы тәмәмдады. Кеше ғана олар тарыдай ғана болып, мектеп табалдырығын аттаған еді. Енді балғын балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқалы тұр.

ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:

— Мектеп бітіріп жатқан түлектің 11-і – “Алтын белгіге”, 8-і – қызыл аттестатқа үміткер. Қазіргі таңда мектепте 2 мыңға жуық бала білім алады. Оларға 150 ұстаз тәлім береді.

Қызыл-көк лента, ала галстук, ақ бантик, құшақ-құшақ гүлдер. Түлектер кімге оқиды, қайда оқиды – мұның бәрін уақыт көрсетеді. Әзірге, оларда соңғы қоңырау. Мектеппен қоштасу әні, ұстаздарға алғыс және көпшілік күткен вальс. Салтанатты шара жылдар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрге сай өтуде. Бұл күн мына ұл-қыздардың мәңгі есіңде қалатыны сөзсіз. Әмірлан Үкен – аталған мектептің беткеұстар түлектерінің бірі. Осы күнге дейін физика мен математика пәндері бойынша өткен бірнеше олимпиадада топ жарған. Айта кету керек, Әмірлан – “Алтын белгіге” үміткер. Тек маусымның 2-16-сы аралығында өтетін емтихандарда өзінің үздік екенін дәлелдеуі қажет.

ӘМІРЛАН ҮКЕН, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің түлегі:

— ҰБТ-да физика-математика пәндерін таңдадым. Болашақта математика мұғалімі болғым келеді. Бұған дейін өткен тесттерде 80-90 баллдан жинадым. Соңғы мүмкіндігімді ұтымды пайданалып, 100 баллдан асырғым келеді.

Алтын ұямен қоштасар күн түлектерге ғана емес, оларды өсіріп жеткізген ата-аналар үшін де маңызды. Сондықтан осындай жауапты сәтте олар бауыр еті балалар қолдауға келген. Шара соңында түлектер үшін соңғы рет қоңырау соғылды. Ұл-қыздар бұл сыңғырлаған үнді әр кез сағынатыны сөзсіз. Айта кету керек, мамырдың 25-і 73 мың солтүстікқазақстандық оқушы үшін кезекті оқу жылы тәмамдалды. Бүгін 4 мыңға жуық түлек үшін қоңырау соңғы рет сыңғырлады. Оның 170-тен астамы – “Алтын белгіге” үміткер.

Нұрасыл Ахмет