Құқық қорғау органдары

Зорлық-зомбылықтың алдын алу

Елімізде “Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан” республикалық айлығы өтуде. Акция барысында өңірімізде 10-ға жуық профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. Оның басы-қасында қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері жүр. Бүгінде жалынды қыз-жігіттер Жұмағали Тілеулин атындағы жоғарғы медициналық колледжінде кезекті кездесу өткізді. Жиынға студенттер қатысты.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

— Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан” республикалық айлығы “Заң және тәртіп” тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл мәселені жастар арасында көтеру керек деп санаймын. Бұл бұзушылықтардың, қылмыстың санын азайтуға септігін тигізеді. Бүгінгі кездесуге 100-ге жуық студент қатысып отыр. Оларға арнайы ақпараттық парақша таратамыз.

Ал тәртіп сақшылары отбасылық зорлық-зомбылық салдарын баяндап берді. Полиция қызметкерлерінің сөзінше, биыл өңірімізде мұндай 28 жайт тіркелген. Бірақ, оның басым бөлігі сотқа жетпейді. Зардап шегуші тарап бұзақылдарды кешіріп жатады.

ДЕНИС ДЕНИСОВ, СҚО ПД бөлім бастығы:

— Жыл басынан бері біз жоғары және орта білім беру мекемелерінде 150-ге жуық профилактикалық іс-шара өткіздік. Оның барысында зорлық-зомбылықтың салдарын әрі онымен күресудің жолдарын баяндадық. Егер жәбірленуші жеңіл жарақат алса, заң бұзушы әкімшілік жауапкершіліке тартылады. Ал қаскөй денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірсе, оның үстінен қылмыстық іс қозғалады. Яғни, тұлға 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Білім ордасының студенттері профилактикалық шарадан әр адамға пайдалы әрі мол ақпар алдық дейді.

ДАРЫН ӨМІРБЕКОВ, студент:

— Профилактикалық жұмыстар жиі өтеді. Мен бүгінгі кездесуде қозғалған тақырыпты қолдаймын. Бізге жақсы әрі пайдалы мәліметтер айтылды.

Қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері “Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан” акциясы аясындағы кездесуді алдағы уақытта Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде өткізуді жоспарлап отыр.

Ұлан Ыдырыс