Ауыл шаруашылығы

Шал ақын ауданында мал шаруашылығын дамытуға арналған ғылыми-консультациялық кездесу өтті

Шал ақын ауданында фермерлерге арналған облыстық ғылыми-консультациялық кездесу өтті. Шараға “Ірі қара малдың сүтті-етті бағытын дамытуға инновациялық технологияларды енгізу” тақырыбы арқау болды. Тағылымы мол жиында саланы цифрландыру, биотехнология және генетикалық селекция әдістерін қолдану мәселелері қозғалды. Кездесуге арнайы Астанадан спикерлер шақырылған.

ГҮЛШАТ ШАЙКАМАЛ, “Zengi Group” ЖШС директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

— Инновациялық технологияларды қолдану арқылы сүт пен ет өндірісінің көлемін арттыруға, сапасын жақсартуға және шығынды азайтуға болады. Арнайы датчиктер мен заман игіліктері малдың қозғалысын, денсаулығын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауруларды да ерте анықтай аламыз. Тағы бір айта кететін жайт, фермерлердің көбі малды жеткілікті мөлшерде азықтандырмайды. Сапасыз жем мен шөпті бере салады. Сапалы өнім шығару үшін ақуыз, көмірсутек пен майды бір-бірімен араластыру қажет. Осы мәселеге де ерекше назар аударған жөн.

Шараны Солтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды. Сөз сөйлеген спикерлердің сөзінше, малға әрдайым күтім қажет, санитарлық талаптардың сақталуы да аса маңызды. Дезинфекция жұмыстарын да уақытылы жүргізген жөн. Жиында ірі қараларды будандастыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамытуға арналған “Игілік” және “Береке” бағдарламалары жайлы да айтылды. Шараға келген кәсіпкерлер білікті мамандарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

СЕРІК МАЛАЕВ, “Ақселеу” ЖШС директоры, Ғ. Мүсірепов ауданы:

— Серіктестікте герефорд сиырын ұстаймыз. Биыл әр 100 сиырдан 80 бұзау алдық. Мол көлемде сүт алудамыз. Шара көңілімнен шықты. Бізде өндірілген ет Орал мен Ақтөбе қаласында сұранысқа ие.

Шара аяқталғаннан кейін жиналғандардың барлығы Мерген ауылындағы “Окунев” шаруа қожалығына ат басын бұрды. Агроқұрылымда әулиекөл сиыры өсіріледі. Ірі қараның бұл тұқымы тез жетіледі, сонымен қатар, кез келген ауа райына төзімді. Біржылдықтарының өзі 500 келі ет береді.

ВИКТОР ОКУНЕВ, “Окунев” ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:

— Мал шаруашылығымен 2012 жылдан бері айналысамыз. Шаруа қожалығында 700 бас сиыр бар. Аталған ірі қара қазақтың ақбас сиыр мен абердин-ангус тұқымын будандастыру арқылы пайда болады. Жыл сайын мол көлемде ет өндіреміз. Басқа әріптестеріме де әулиекөл сиырын өсіруді ұсынамын.

Облыста мал шаруашылығымен айналысатын 1700-ден астам шаруа қожалығы бар. Айта кету керек, жыл басынан бері өңірде 22 мың тонна ет пен 100 мың литр сүт өндірілген.

Нұрасыл Ахмет