Экология

Саябақтағы сенбілік

ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:

— Қолға сыпыртқы алып, айналаны тазарту жай ғана жұмыс емес. Бұл – өз қалаңа деген жанашырлық. Бүгін петропавлдық жастар сөзбен емес, іспен үлгі көрсетіп, саябақтардың бірін қоқыстан тазартып жатыр.

Петропавлдағы Бөкетов көшесінің бойында орналасқан демалыс орны бүгін тазалық алаңына айналды. Мұнда«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды. Игі шараның өтуіне «Birgemiz» волонтерлік фронт-офисі мен қала белсенділері ұйытқы болды.

ГҮЛБАҚЫТ БАЙБОСЫНОВА, Қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

— Саябақтар қала жастары мен студенттерінің сүйікті демалыс орындарының бірі болып табылады. Мұнда жастар жиі жиналып, таза ауада уақыт өткізіп, спортпен айналысады. Сондықтан, саябақтарда осындай экологиялық акциялар өткізу ерекше маңызды деп білемін, мұндай іс-шаралар жас тұрғындардың қоршаған ортаны қорғау және қоғамдық орындардың тазалығын сақтау мәселелеріне назар аудартуға мүмкіндік береді.

Қатысушылар аумақты қураған бұталар мен тұрмыстық қалдықтардан арылтты. Мұндай сенбіліктер тек айналаны ретке келтіріп қана қоймай, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін де арттыра түспек.

ЕГОР ЧЕКУНОВ, ерікті:
— Осы экологиялық акцияны қолдау үшін топтастарымызбен келдік. Өйткені табиғат – ортақ үйіміз, ал оның тазалығына біз сияқты жастар жанашыр болуы керек. Бос уақытымызды телефонға телміріп өткізгенше, осылай жиналып, игі іске үлес қосқан әлдеқайда пайдалы. Айналаны тазартқанымызға өте қуаныштымыз.

Аз ғана уақыттың ішінде демалыс орны тап-таза кейіпке енді. Ал жауапты мамандар тазалықты сақтау бағытындағы осы сынды жұмыстар алдағы уақытта да өтетінін айтты.

Жангельді Жамалиев