Аптадағы маңызды жаңалықтарСпорт

Петропавлда Инклюзивті спорт орталығының алғашқы кірпіші қаланды

ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:

— Петропавлда инклюзивті спорт орталығы бой көтереді. Бұрын мұндайды естідіңіз бе? Бұл – өте қажет нысан, маңызды бастама. Қазір әлеуметтік маңызы бар ғимараттың уақыт капсуласы салынбақ. Бұл – алғашқы кірпішінің қаланғандығының, яғни құрылыстың басталғанының белгісі.

Әлеуметтік нысан «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен бой көтермек. Кешеннің аумағы 3 жарым мың шаршы метрден асады және ол ерекше жандардың қажеттілігіне бейімделеді. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қолдаудың маңызына тоқталды.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет әр азамат үшін тең мүмкіндік жасау қажеттігін, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға, бұқаралық спортты дамытуға және инклюзивті қоғам қалыптастыруға ерекше көңіл бөлу керектігін бірнеше рет атап өткен болатын. Құрметті жерлестер, сіздерді осы құрылыстың басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, амандық және спортшыларымызға жарқын жеңістер тілеймін!

Болашақ орталық ішінде әмбебап спорт және жекпе-жек залдары, пауэрлифтинг аймағы, үстел ойындары бөлмесі мен бассейн сияқты 6 функционалдық алаң болады. Заманауи кешен бір ауысымда 75 жаттығушы мен 100-ге жуық көрермен сыйдыруға қауқарлы. Ауқымды жобаның құрылысы 2027 жылдың маусым-желтоқсан айлары аралығында аяқталады деп жоспарлануда. Осы сәтте шараға қатысушылар нысанның іргетасына естелік хат салынған металл тубусты орналастырды.

Жалпы, өңірімізде 24 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрса, соның 10 мыңнан астамы спортқа бейім. Алайда облыста осы уақытқа дейін оларға арналған мұндай арнайы орталық болмаған. Кешеннің болашақ чемпиондарды тәрбиелеудегі рөлі туралы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Александр Герлиц пікір білдірді.

АЛЕКСАНДР ГЕРЛИЦ, парабиатлоннан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері:

— Бұл – өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін таптырмас мүмкіндік. Дәл осы кешеннен еліміздің көк байрағын көкке желбірететін чемпиондар мен жүлдегерлер шығатынына кәміл сенімдімін. Сонымен қатар, спорт нысанының ашылуы аймақ тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашады!

Айта кетейік, демеуші қор бұған дейін теріскейде бірнеше ірі әлеуметтік нысанды пайдалануға берді. Ұйымның өңірде атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов айтып берді.

ҒИБРАТ АУҒАНОВ, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарушы директоры:

— Солтүстік Қазақстан өңірінде соңғы 5 жыл ішінде біз көптеген жобаны қолдадық. Qyzyljar Creative орталығы, Саумалкөлдегі үлкен спорт кешені салынды. Балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерте араласу орталықтары ашылды. Жалпы, қайырымдылық бағытын Солтүстік Қазақстан өңірінде алдағы уақытта да жалғастырамыз. Себебі, “Самұрық-Қазына” – әлеуметтік және қайырымдылық бағыттағы жауапкершілігі мол компаниялардың бірі.

Қоса кеткен жөн, биылдың өзінде «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы еліміздің бірнеше облысында 11 спорт кешенінің құрылысына қолдау көрсетуде.

Жангельді Жамалиев