Қоғам

Оқу жылының аяқталуы, балалардың қауіпсіздігі

Көзді ашып-жұмғанша кезекті оқу жылы да аяқталып қалды. Саусақпен санарлық күннен соң өңірімізде 73 461 оқушы үшін соңғы қоңырау соғылады. Ұл-қыздардың 4 мыңға жуығы – 11-ші сыныпты аяқтайтын түлектер. Мектеппен қоштасатын жастардың 176-сы – «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер. Былтыр бұл көрсеткіш 122 баланы құрапты.

ТАТЬЯНА ПРОТОПОПОВА, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

— 25-ші мамырда облыстың барлық мектебінде «Білімім – Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағаты өтеді. Мұнда оқу жылының қорытындылары шығарылып, оқушылардың жетістіктері мен мектеп өміріндегі ең жарқын оқиғалар атап өтіледі. 26-29 мамыр аралығында 5-8, 10-шы сыныптардың 33 мыңнан астам оқушысы қазақ тілінен емтихан тапсырады. Ал 9-шы және 11-ші сыныптар ауызша және жазбаша түрдегі қорытынды сынақтарда білімдерін сынайды.

Осылардың барлығы аяқталғасын аттестат тапсырылады. Биыл құжатты 11-ші сынып түлектері 17-ші маусымда алады. Ұл-қыздар мен ата-аналарды уайымдатқан сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Қазір бұл емтихан өтіп жатыр.

ТАТЬЯНА ПРОТОПОПОВА, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

— Биыл біздің облыста жазғы ҰБТ 12-мамырда басталып, 10-шілдеде аяқталады. Тестілеу форматы – компьютерлік. Пәндер саны өзгерген жоқ: үш міндетті пән және түлектің таңдауы бойынша екі бейіндік пән. Барлығы – 120 тест тапсырмасы, тест бойынша ең жоғары 140 балл жинауға болады. Тестілеу уақыты – 240 минут. Егер тестіленуші тест нәтижелерімен келіспесе, онда ол тестілеу аяқталғаннан кейін бірден, сондай-ақ электрондық форматта Республикалық апелляциялық комиссия өткізетін апелляцияға өтініш беру мүмкіндігіне ие.

Бұйрыққа сәйкес, аттестаттар мен куәліктерді тапсыру салтанаты тек мектептер аумағында, банкеттерсіз, автокортеждерсіз, көшпелі іс-шараларсыз және ата-аналардан ақша жинаусыз өткізіледі. Бұл – жарияланған бұйрық. Оның орындалу барысын, тәртіптің бұзылмауын полиция қадағалайды. Қазір шенділер осыған қамдануда.

ӘЛІБЕК ҒАБДУЛЛИН, СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы:

— Бұл күндері қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет атқарады. Әр мектептің маңында мамандар кезекшілік етеді. Сонымен қатар, жастар көп жиналатын орындарда патрульдеу күшейтіледі. Біздің міндетіміз – мерекенің тыныш әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету. Балалардың қауіпсіздігі мақсатында түнгі іс-шаралардан бас тартуды ұсынамыз. Егер ұл-қыздар түнде ересектердің қарауынсыз жүрсе, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Сонымен қатар, мейрамхана, дәмхана және басқа да ойын-сауық мекемелерінің иелері мұқият болуы керек. Олар түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың көңіл көтеруіне жол бермеуі тиіс. Брифингте өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайлы да айтылды. Қазір аймақтағы жазғы лагерьлер тексерілуде.

АЯН ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ТЖД басқармасы бастығының орынбасары:

— Білім басқармасының тізіміне сәйкес, 10 балалар сауықтыру лагеріне, сондай-ақ Айыртау ауданы аумағында орналасқан Ақмола облысына қарасты 2 балалар орталығына визуалды тексеру жүргіздік. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі қағидаларының 80-нен астам бұзушылығы анықталды. Лагерьлердің басшылары мен қызметкерлеріне ұсынымдар табысталды. Ең өзекті мәселелердің бірі – бірқатар балалар сауықтыру лагерьлерінде сыртқы өртке қарсы сумен жабдықтау жүйесінің болмауы. Кейбірінде су қоры отты жедел сөндіру үшін жеткіліксіз болып отыр.

Ал өртке қатысты статиска жағаны ұстатады. Облыс аумағында жыл басынан бері 195 өрт тіркелді. Салдарынан 18 адам қаза тапты. Оның ішінде 3 бала бар.