Қызылжар ауданындағы “Salar Farm” серіктестігі Подгорное ауылында жоңышқа шөбін өңдейтін зауыт құрылысын жалғастырып жатыр. Кәсіпорында жылына 60 мың тоннаға дейін сапалы жем өндірілмек. Өндірісте Германия, Нидерланд және Швецияның заманауи технологиялары қолданылады. Жоба аясында 8 мың гектарға жоңышқа егіліп, 20 жаңа жұмыс орны ашылады.
АРМАН УАТАЕВ, «SALAR FARM» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
— Жобаның жалпы құны 5 жарым млрд теңгені құрайды. Мемлекет тарапынан 4,5 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Жобаны толық аяқтап, өндірісті биылғы тамыз айының соңында іске қосу жоспарлап отырмыз.
Кейін Ғауез Нұрмұхамбетов аудандағы көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Бүгінде Қызылжар ауданы аумағында 68,4 мың гектар жерге егін егіліп, жоспардың 36%-ы орындалды. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 43,1 мың гектарға, майлы дақылдар – 17,5, ал азықтық дақылдар 6,9 мың гектарға себілген. Аймақ басшысы Прибрежное ауылына апаратын көпірдің құрылысы және кіреберіс жолды қалпына келтіру жұмысымен де танысты. Жоба құны 4,4 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта негізгі құрылыс жұмыстарының бір бөлігі толық аяқталды. Жобаны іске асыру мерзімі 2025–2027 жылдарға жоспарланған.
Жангельді Жамалиев