Білім

Қозыбаев университетінде академик З.Тайшыбайдың шығармашылығына арналған конференция өтті

Қозыбаев университетінде “Атыңнан айналайын, Қызылжарым!” атты республикалық конференция өтті. Шара ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Зарқын Тайшыбайдың шығармашылығына арналып ұйымдастырылды. Біртуар тұлға Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған. Еңбек жолын 1958 жылы бастады. Өнегеге толы жиында 68 жылдың ішінде тындырылған шаруа қорытындыланды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысып, ғалым-ұстаздың ұлт руханиятына сіңірген еңбегіне тоқталды.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

—Сіздің тағылымды еңбек жолыңыз – тұтас бір ғылыми-рухани дәуір. Сіз талай жыл бойы өңірдің тарихын терең зерделедіңіз. Ұлт руханиятын жаңғырту жолындағы қажырлы еңбегіңіз – кейін ұрпаққа үлгі.

Шара барысында ұлт жанашырына ізгі тілектер айтылып, иығына шапан жабылды. Зарқын Сыздықұлының еңбек жолын бірауыз сөзге сыйдыру мүмкін емес. Ол 1992 жылы Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде “Журналистика” мамандығын ашты. Осылайша, аталған білім ордасы елімізде төртінші билік өкілдерін дайындайтын екінші жоғары оқу орнына айналды. Бұл мемлекетіміз үшін қиын кезеңде саладағы кадр тапшылығын жоюға мүмкіндік берді. Шараға Астана мен Қарағанды университетінен келген меймандар қатысты. Мәселен, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қайрат Сақ Зақаңды 30 жылдан бері таниды. Содан бері шығармашылығына тәнті болып келеді.

ҚАЙРАТ САҚ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры:

— Мен Зарқын ағаны қазақ тілінің жанашыры деп нық сеніммен айта аламын. Ол ондаған жыл бойы Алашты зерттеді. Көбі біле бермейтін тың деректерді жария етті.

Айта кету керек, Зарқын Сыздықұлы 2001 жылы жергілікті университет қабырғасында “Журналистика” мамандығын ашып, қаламы қарымды тілшілерді даярлауға кірісті. Біртуар тұлғаның алдынан өткен студенттердің барлығы бүгінде жер-жерде еңбек етуде. Басшылық қызметтегілері де қаншама. Соның бірі – “Қызылжар-Ақпарат” серіктестігінің директоры Ербақыт Амантайұлы.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС директоры:

— Жергілікті университеттің “Журналистика” мамандығына 2003 жылы түстім. 4 жыл бойы Зақаң бізге бар білгенін үйретті. Зарқын Сыздықұлыныан алған білімім өмір жолымда зор көмегін тигізді.

Зарқын Сыздықұлы 68 жылдың ішінде 30-дан астам кітап жарыққа шығарған.

Нұрасыл Ахмет