Қоғам

Түлектерге таптырмас мүмкіндік

Диплом алуға санаулы күндер қалғанда болашақ жұмыс орнын айқындап алу маңызды. Бүгін Петропавлда өткен бос орындар жәрмеңкесі дәл осы мақсатты көздейді. Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде ұйымдастырылған шараға өңірдің 15-тен астам ірі кәсіпорны мен құқық қорғау органдарының өкілдері арнайы келді. 300-ден астам түлекке арналған бұл алаң жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға септігін тигізбек.

АНАР НҰРҒАЛИЕВА, Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі директорының орынбасары:

—Бүгінгі іс-шара колледжіміздің түлектері мен жұмыс берушілер үшін өте маңызды алаң болып табылады. Өйткені, түлектеріміз үшін жұмысты онлайн форматта іздегеннен гөрі осындай жәрмеңкелерге қатысу әлдеқайда тиімді. Себебі, түлектер жұмыс берушілерден бос жұмыс орындары туралы ақпаратты тікелей алып, толық мәліметпен таныса алады.

Жәрмеңкенің ерекшелігі – мұнда тек білім және өндіріс саласы ғана емес, құқықтық құрылымдар да белсенділік танытуда. Соның ішінде заң мен тәртіпті серік еткісі келетін жастар үшін ішкі істер органдарының мамандары арнайы кеңес беріп, қойылатын талаптарды түсіндірді. Болашақ мамандығын құқық қорғау саласымен байланыстыруды мақсат еткен жастардың қарасы қалың.

АҚТАН ХАЛДАВЛЕТОВ, Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

— Мен – “Жол қозғалысын ұйымдастыру” мамандығының студентімін. Бүгінгі шара кәсіби тұрғыдан шыңдалуыма және жаңа мүмкіндіктерді ашуыма септігін тигізеді деп ойлаймын. Менің мақсатым – өз мамандығымды полиция қызметімен байланыстыру және ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу үшін не қажет екенін егжей-тегжейлі білу. Бала кезден тергеу жұмыстары мен полиция қызметіне қызығатындықтан, бұл шара менің болашақ мамандығымды айқындауға тікелей әсер етеді.

Кездесу қорытындысы бойынша біраз студент алғашқы сұхбаттан сәтті өтіп, болашақ жұмыс орындарымен келісімге келді. Осындай тікелей сұхбат алаңдары өңірдегі жас мамандар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге және кадр әлеуетін арттыруға септігін тигізе бермек.

Жангельді Жамалиев