Солтүстік Қазақстан облысында темір торда жасалған туындыларға сұраныс артып келеді. Мысалы, Айыртау ауданында орналасқан №51 мекемедегі жеке кәсіпкерліктердің бірі жиі тапсырыс қабылдайды. 40-тан астам сотталғанды жұмыспен қамтыған азаматша жиһаз, жылжымалы моншалар мен самалжайларды саудаға шығаруда. Бұл іс шағын ағаш кәдесыйлар мен сәндік қобдишаларды жасаудан басталған. Бүгінде көздің жауын алар әрі сапалы дүниелерді Петропавлдан сатып алатындар көп екен. Түскен қаржының бір бөлігі жазасын өтеушілерге жалақы ретінде төленеді. Олар ақшаны жеке қажеттіліктеріне, отбасыларына көмек көрсетуге және талап-арыз берешектерін өтеуге жұмсай алады.