Бүгін – мәдениет және өнер қызметкерлері күні! Петропавлда айтулы датаға орай сала мамандары құрметке бөленді. Бұл – еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке. Мәдениет – халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігінің арқауы. Аталған құндылықтарды сақтай білген елдің мәртебесі биік, мерейі үстем болары анық. Сондықтан игі мақсат жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандар қай кезде болмасын құрметке лайық. Өнерлі жандарды төл мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов саланың дамуына тоқталды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Облыстың мәдениет саласында ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Алдағы уақытта жергілікті университетте К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің филиалы ашылады. Жазушыларға зор көлемде сыйақы беріледі.
Облыс әкімінің ізгі тілегінен кейін кезек марапаттау рәсіміне келіп жетті. Шарада барлығы 40-тан астам сала маманы түрлі деңгейдегі марапат алды. Шарада құрметке бөленгендердің арасында сала ардагері Қуанған Иманқанұлы болды. Ақсақал 55 жыл бойы ұл-қыздарға ұлттық би мен әндерімізді үйретіп жүр. Білікті маманның сөзінше, өнер адамының жауапкершілігі мол болуы қажет. Әрдайым ізденісте жүргені абзал. Айта кету керек, бүгін Қуанған Иманқанұлына ұлттық мәдениетті дамыту және насихаттауға қосқан үлесі үшін “Еңбек ардагері” медалі табысталды.
ҚУАНҒАН ИМАНҚАНҰЛЫ, мәдениет саласының ардагері, Уәлиханов ауданы:
— Мен – Моңғолияның тумасымын. Ресейдегі өнер академиясында тәлім алғанмын. 2006 жылы теріскейге көшіп келдім.
Айтулы шараның соңында облыс әкімі С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына су жаңа автобус тарту етті. Қарашаңырақ 26 жыл бойы өңір тұрғындарын мазмұнды қойылымдарымен қуантып келеді. Директоры Біржан Жалғасбаевпен тілдестік. Ол тағы бір қуанышты жаңалықпен бөлісті.
БІРЖАН ЖАЛҒАСБАЕВ, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:
— Президент театрға “академиялық” мәртебесін беруді ұсынды. Бұл мәртебені алу оңай емес. Алдағы уақытта “ұлттық” дәрежесіне жеткізіміз келеді.
Айта кету керек, облыстың мәдениет саласында 2700-ден астам адам жұмыс істейді. Оның 60 пайызы ауылдық жерлерде еңбек етеді.
Нұрасыл Ахмет