Өңірге жұмыс сапарымен ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов келді. Аялдаған алғашқы нысан – “РиМ-КазАгро” серіктестігінің қағаз өндіру фабрикасы. Бүгінде аталған кәсіпорын макулатураны қайта өңдеп, дайын өнім шығару ісін нәтижелі жүргізіп отыр. Жұмыс тобы цехты аралап, өндірістік желінің қуатына назар аударды. Тілдесу кезінде кәсіпорынның ішкі нарықты қамту мүмкіндігі де сөз болды. Кейін Әсет Нүсіпов “Зеленый Север” серіктестігінің жылыжай кешеніне бет алды. Қазіргі уақытта бұл жерде заманауи технологиялардың көмегімен қияр мен қызанақ өсіріліп жатыр.
ӘСЕТ НҮСІПОВ, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
— Біз жаңа ғана қағаз өндірісі зауытының жұмысымен таныстық. Қазіргі уақытта қияр өсіру кешеніндеміз. Жалпы алғанда, кәсіпорынның көрсеткіштері жақсы, айтарлықтай жетістіктері де бар. Отандық бизнестің өз алдына қойылған міндеттерді тиісті деңгейде орындап отырғанын көріп отырмыз. Бұған қоса, мұндай компаниялардың даму әлеуеті өте жоғары. Мен осындай бастамалардың келешегі зор деп есептеймін және мемлекет тарапынан қолдау әрдайым жалғаса береді.
Сапардың келесі бағыты – саңырауқұлақ өнімдері мен арнайы субстрат әзірлейтін «ECO GLADE» серіктестігі. Вице-министр бұл бірегей зауытпен де танысып, ішкі нарықты отандық өніммен қамту жайын пысықтады.
Жангельді Жамалиев

