СҚО әкімдігі

Облыс әкімі Ресейдің Челябі облысында өткен өңіраралық форумға қатысты

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Ресейдің Челябі облысына барып қайтты. Оның барысында аймақ жетекшісі “Оңтүстік Орал және Қазақстан: шекара маңы ынтымақтастығының жаңа көкжиектері” атты өңіраралық форумға қатысты. Жиында біздің өңірден бөлек, Қостанай және Павлодар аймақтарының басшылары бой көрсетті. Ғауез Торсанұлы форум барысында СҚО-ның инвестициялық, өнеркәсіптік және аграрлық әлеуетін таныстырды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Біздің өңір – Қазақстандағы ең ірі аграрлық өлкелердің бірі. Облысымыздың жалпы көлемі 9 млн гектарды құраса, оның 5 млн гектары – егіс алқабы. 3 млн гектарында – дәнді, ал 1 млн гектарында майлы дақылдар өсіріледі. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 5 трлн теңгені құрады. Алдағы уақытта біз ресейлік әріптестермен болашағы зор жобаларды бірлесіп қолға алуға ынталымыз. Мәселен, өткен жылы СҚО және Ресей Федерациясы арасындағы тауар айналымы 311 млрд теңгені құрады. Қазіргі күні де теріскейде Челябі облысының инвесторлары қос бірдей жобаны жүзеге асыруда. Бұл екі тарап арасындағы орныққан берік әрі достық қарым-қатынастың белгісі деп білемін.

Бұдан соң Челябі облысының губернаторы Алексей Текслер екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

АЛЕКСЕЙ ТЕКСЛЕР, Челябі облысының губернаторы, РФ:

— Екі мемлекет көптеген жылдардан бері серіктес. Қос тараптың кәсіпорындары бірге әріптестік орнатып, табысты еңбек етіп келеді. Челябі облысы мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы жылына 1 млрд долларды құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш едәуір артады деген үміттемін. Себебі, соңғы айлардағы нәтижелер жаман емес, арадағы импорт та және экспорт та қарқынды даму үстінде. Біздің өңір барлық жаңа инвестициялық жобаларға, тың идеяларға қолдау білдіруге дайын.

Бұдан бөлек облыс әкімі бастаған теріскейлік делегация өкілдері Челябі облысындағы ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Олардың қатарында “УралКран” машинақұрастыру компаниясы әрі нан-тоқаш және кондитерлік өнім шығаратын “Хлебпром” өндіріс орындары бар.

Ұлан Ыдырыс