“Дәстүрді дәріптеген әжелер!”. Облыс орталығында осындай атаумен ерекше байқау өтті. Шараны “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында қалалық әжелер кеңесі ұйымдастырды. Сайысқа әжелер немерелерімен бірге қатысты.
ГҮЛНӘР ЖАМАБАЕВА, қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы “Әжелер кеңесі” ұйымының төрайымы:
— Мұндағы мақсат – әже мен немере арасындағы қарым-қатынас, бір-біріне деген сүйіспеншілік, отбасылық құндылық, қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, сыйластық пен қамқорлықты, жас буын – бүлдіршіндердің бойына сіңіру. Тәрбие отбасы мен балабақшадан бастау алады.
Конкурс 5 кезеңнен тұрады. Қатысушылар өзін таныстырудан бастайды. Кейін ұлттық тағамдар мен дәстүрлі өнер түрін ортаға салады. Сондай-ақ, “Сыр сандық” кезеңінде әже мен немеренің байланысын анықтайтын сұрақтарға жауап береді. Сайысқа “Балапан” балабақшасынан келген Бағила Сәткенова мен немересі Айым Жолағали да қатысты.
БАҒИЛА СӘТКЕН, байқауға қатысушы:
— “Тағам” кезеңіне біз өз қолымыздан былғап, сары май мен қымыз әзірлеп әкелдік. Қазақ салтының дәстүрлі жіп иіру, алаша тоқу өнерін көрсетеміз деп отырмыз. Немерем билейді. Өзі би тобына қатысады және тақпағын айтады. Өз немеремді мақтаныш тұтамын. Бұл – менің 6-шы немерем.
Осы сынды іс-шара қаламызда алғаш рет ұйымдастырылды. Ақ жаулықты аналар сахнада немерелеріне тоқыма тоқудың әдістерін, қазақи ұлттық ойындарды көрсетті. Ертегі оқыды, бауырсақ әзірледі. Сайыс қорытындысы бойынша үздіктерге бағалы сыйлықтар табысталады.
Жаннұр Бектұрғанова